Жарияланған күні: 01.06.2021 11:12
Өзгертілген күні: 01.06.2021 11:13

Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар Мемлекеттік кірістер департаментіне "Интернет" желісі арқылы берілетін бағдарламалық қамтамасыз етуді кедендік декларациялау тәртібі жөнінде түсіндірме беру мәселесі бойынша жүгінді.

Осыған байланысты осы мәселе бойынша ақпаратты біздің жазылушыларымыздың назарына тағы да жеткізгіміз келеді.

Кеден органдары тауарлар мен көлік құралдарының Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – ЕАЭО) кедендік шекарасы арқылы өткізілуіне кедендік бақылауды жүзеге асыратыны белгілі.

Тауарларды ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өткізу – бұл тауарларды ЕАЭО кедендік аумағына әкелу немесе тауарларды ЕАЭО кедендік аумағынан әкету.

Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу – Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өтуге байланысты және өздерінің нәтижесінде тауарлар кеден органдары осындай тауарларды шығарғанға дейін халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы жіберуді, құбыржол көлігін және электр беру желілерін пайдалануды қоса алғанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кез келген тәсілмен келетін әрекеттерді жасау.

"Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде "тауар" ұғымы көзделген. Тауар – кез келген жылжымалы мүлік, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің валютасы, бағалы қағаздар және (немесе) валюталық құндылықтар, жол чектері, электр энергиясы, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке теңестірілген өзге де өткізілетін заттар.

Тиісінше, бағдарламалық қамтамасыз ету ЕАЭО кедендік аумағы арқылы өткізілетін тауар болып табылмайды, керісінше "Интернет" желісі арқылы беріледі, осыған байланысты кедендік декларациялауға жатқызылмайды.