Жарияланған күні: 04.03.2024 18:11
Өзгертілген күні: 04.03.2024 18:12

Елімізде 2023 жылғы 3 наурыздан бері «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттықты қалпына келтіру туралы» Заң қолданыста.

Заң азаматтың қарызын реттеуге бағытталған және 3 рәсімді қарастырады: соттан тыс банкроттық рәсімі (уәкілетті орган – МКО қолданады), соттық банкроттық рәсімі және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі (сотпен қолданылады).

Банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздарын өтеу бойынша қиыншылықтары бар азаматтар (қарызы 1600 АЕК-тен аз, төленбеу мерзімі 12 айдан астам, мүліктің болмауы, кредитормен реттеу жүргізу) соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішті халыққа қызмет көрсету орталықтарында, электрондық үкімет порталы (eGov.kz.), сондай-ақ e-Salyq Azamat немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы бере алады.

Заң қолданылған күннен бастап 19,8 млрд. теңгеден астам берешегі бар 10 мыңға жуық азаматқа рәсім қолданылып және олар банкрот деп танылған, оның ішінде 944 азамат АӘК алушы болып табылады, ал 5 118 азамат 5 жылдан астам орындалмаған міндеттемелері бойынша банкрот деп танылды.

Негізі бұл - жеңілдетілген рәсім, борышкердің шешімдері мен әрекеттері басқа тұлғалармен келісуді қажет етпейді және көп құжатты ұсынуды талап етпейді. Сол себепті дәл осы рәсімді қолдануға ниет білдірушілер санының көптігін байқауға болады.

2 мыңға жуық азамат сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану үшін сотқа жүгінді. Рәсім 95 борышкерге қатысты жүргізілуде.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі 4 азаматқа қатысты қолданылды. Жағымсыз әсерлердің болмауына қарамастан, рәсім кеңінен қолданылмайды.

Бүгінгі күнде аталған рәсімдерді қолдануға құқығы бар тұлғалар шеңберін кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, Мәжілістің талқылауында келесіні көздейтін түзетулер:
1. лицензиясынан айырылған, тарату барысындағы қаржы ұйымдарын, арнайы қаржы компанияларын соттан тыс банкроттық рәсімінің кредиторлары тізіміне қосу;
2. қарыз бойынша өтеу болып есептелетін төлемнің ең минималды көлемін бекіту (1 АЕК);
3. соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішке құжатарды қоса ұсыну міндетінен борышкерді босату;
4. төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің елден шығуына тыйымды алып тастау.
Аталған жаңа нормалар осы жылда іске асырылады деп жоспарлануда.