Жарияланған күні: 14.03.2024 18:10
Өзгертілген күні: 14.03.2024 18:12

2024 жылғы 13 наурызда ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті (әрі қарай – Департамент) басшысының орынбасары Сайранқан Қабыш Шығыс Қазақстан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «2024 жылдан бастап камералдық бақылау бойынша салық заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар» тақырыбында сөз сөйледі.

Облыс азаматтарымен және БАҚ өкірдерімен өткізілген брифинг  барысында Департамент басшысының орынбасары Сайранқан Қабыш 2024 жылғы 12 ақпаннан бастап күшіне енген салық заңнамасындағы камералдық бақылау бөлігіндегі өзгерістер туралы ақпаратпен бөлісті.

Спикер өз сөзінде 2024 жылғы 12 ақпаннан бастап орташа тәуекел дәрежесі бар хабарламаларды орындау рәсімі растайтын құжаттарды ұсыну және олар бойынша хабарламаны орындалмады деп тану туралы шешімдер шығару міндеттемесін алып тастау арқылы жеңілдетілгенін айтты.

Сондай-ақ, спикер салық төлеушілерді электрондық шот-фактураларды жазып беруді шектеу туралы шешімді хабардар ету бөлігіндегі өзгерістерге және арнаулы салық режимдерін қолданатын кәсіпкерлерді әкімшілендірудің ерекшеліктеріне тоқталды.

Сонымен қатар, Департамент басшысының орынбасары 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың 3 кезеңі басталғаны, оның шеңберінде 250.00 нысанындағы Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, қатысушылары, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынуға міндетті екені жайлы айтты.

Декларацияны «Салық төлеушінің кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-SalyqАzamat», «Halyk», «Bank Centercredit» мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады. Декларацияны 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыру қажет.

Сайранқан Қабыш 2024 жылдың 1 сәуірінде жеке тұлғалардың 2023 жыл үшін көлік салығын төлеу мерзімі аяқталатыны туралы салық төлеушілердің назарларына жеткізді.

Автокөлік иелері соманы kgd.gov.kz web-порталының «Жеке тұлғалар үшін алдағы төлемдер» сервисі сондай-ақ «e-Salyq Azamat» және «Каспи банк» АҚ, «Халық банк» АҚ екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы біле алады.

Брифинг соңында Департамент басшысының орынбасары БАҚ-тың, іс-шараға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Толығырақ келесі сілтеме арқылы білуге болады: https://fb.watch/qOkhmUPUxf/