
БЖТ кім қолдана алады?
Дара кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, бір мезгілде мынадай шарттарға сай келетін:
1) бірыңғай жиынтық төлемді төлеген;
2) жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын;
3) қызметтерді салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана көрсететін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келетін және (немесе) акцизделетін өнімдерді қоспағанда, жеке қосалқы шаруашылықтың өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнiмiн салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана өткізетін жеке тұлғалар бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер деп танылады.
Бұл ретте бiрыңғай жиынтық төлемді төлеушінің осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген қызмет түрлерін жүзеге асыру нәтижесінде алатын кірісінің күнтiзбелiк жылдағы мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1175 еселенген мөлшерінен аспауға тиiс. (2021 жылға-3427475 теңге).
Осылайша, бірыңғай жиынтық төлемді тек жеке тұлғаларға қызмет көрсететін және (немесе) жеке қосалқы шаруашылық өнімдерін сататын жеке тұлғалар ғана қолдануға құқылы. Бұл ретте жеке қосалқы шаруашылық қызметтерін көрсететін және өнімдерін сататын жеке тұлғалардың салық агенттеріне БЖТ төлеушілері болып танылуына құқығы жоқ.
Салық кодексінің 1 - бабының 53) тармақшасына сәйкес салық агенті – осы Кодекске сәйкес төлем көзінен ұсталатын салықтарды есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндет жүктелген дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам, заңды тұлға, оның ішінде оның құрылымдық бөлімшелері, сондай-ақ бейрезидент-заңды тұлға.
Бұдан басқа, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер ретінде танылмайды:
1) Салық кодексінің 774-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген қызмет түрлерін коммерциялық жылжымайтын мүлiк объектiлерiнің, сондай-ақ сауда объектілерінің, оның iшiнде меншік, жалдау, пайдалану, сенiмгерлiк басқару құқығындағы объектілердің аумағында осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар;
2) тұрғынжайды қоспағанда, мүлікті мүлiктiк жалға (жалдауға) беретін адамдар;
3) жеке практикамен айналысатын адамдар;
4) қандастарды қоспағанда, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
5) дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген адамдар.
Осылайша, жоғарыда аталған тұлғалар БЖТ төлеушілер ретінде таныла алмайды.
Түсіндіру жұмысы басқармасы




























