Date of publication: 27.05.2016 12:46
Date of changing: 21.10.2019 15:35

ШҚО бойынша МКД Экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын өткізу барысында Семей қаласында жеке тұрғын үйлердің бірінде орналасқан қолдан арақ-шарап өнімдерін жасайтын астыртын цехты анықтады. 
Тексеру барысында бұрын осындай қылмысы үшін сотталған астыртын цехтың иесі арақ шарап өнімдерін антисанитарлық жағдайда Қазақстан нарығында өте танымал отандық фирмалардың тауарлық белгілерін пайдалана отырып жасағаны анықталды.  Спирттік ішімдіктердің нарықтағы құны 800 ден 1500 теңге аралығында болса, цехтың қожайыны бұл бағадан 200-300 теңге төмен бағамен сатып отырған.
Цехты қарау барысында сатуға дайын тұрған 2 мыңнан артық қолдан жасалған арақ шарап өнімдері («Хаома», «Талка», «Қазақстан», «Түркістан», «Журавушка» және тағы басқа маркалар), 10 мың данадан артық жалған есептік бақылау маркалары мен жапсырма белгілер,  қақпақтар, сонымен қатар бөтелке жабуға арналған арнайы құрылғылар, спиртометр, спирт құйылған 3 пластмасса бөшке табылды.
Сонымен қатар жалған арақ-шарап өнімдері өткізілген дүкенді қарау барысында 1000  данаға жуық  жалған маркалар жапсырылған «Русская троица» арағы айналымнан алынды.
Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 233 - бабының 2-бөлігі  бойынша сотқа дейінгі өндіріс басталды.
Қазіргі уақытта алынған заттарға сот сараптамалары тағайындалып, аталған өнімдерді өткізу каналдары тексеріліп жатыр.
Ағымдағы жыл басынан бастап аталған салада ШҚО бойынша МКД экономикалық тергеу қызметі 14 қылмыстық іс қозғады. Көлеңкелі айналымнан 210 мың алкогольді өнім, сонымен бірге 211 мың жалған есептік бақылау маркалары алынды.

ШҚО бойынша МКД Экономикалық тергеу қызметі