Date of publication: 03.03.2020 09:14
Date of changing: 03.03.2020 09:15

1. Грант қаражаты есебiнен сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша төленген қосылған құн салығы:

1) грант алушыға - Қазақстан Республикасына грант беру туралы халықаралық шартқа сәйкес бенефициар болып табылатын мемлекеттік органға және егер Қазақстан Республикасының көрсетілген халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, орындаушыны тағайындаушыға;

2) орындаушыға - грантты іске асыру мақсаты үшін грант алушы болып тағайындалған тұлғаға (бұдан әрі - орындаушы) қайтарылады.

2. Грант қаражаты есебiнен сатып алынған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушілерге төленген қосылған құн салығын қайтаруды салық органдары, егер бiр мезгілде мынадай шарттар сақталса:

1) қаражаты есебінен тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынған грант мемлекеттер, мемлекеттердің үкіметтері, халықаралық ұйымдар желісінен берілсе;

2) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер оларды өткізу үшін грант берілген мақсаттарда ғана сатып алынса;

3) тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету грант алушымен не грант мақсаттарын жүзеге асыру үшiн грант алушы тағайындаған орындаушымен жасалған шартқа (келісімшартқа) сәйкес жүзеге асырылса, грант қаражаты есебінен сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша төленген қосылған құн салығын қайтару туралы салықтық өтініш ұсынылған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде жүргізеді.

3. Осы бапқа сәйкес қосылған құн салығын грант алушыларға немесе орындаушыларға қайтару, қосылған құн салығының грант қаражаты есебiнен төленгенін растайтын құжаттар негiзiнде жүргiзiледi.

4. Қосылған құн салығын қайтару үшін грант қаражаты есебінен сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша төленген қосылған құн салығын қайтару туралы салықтық өтінішке грант алушы немесе орындаушы орналасқан жері бойынша салық органына мынадай құжаттарды ұсынады:

1) Қазақстан Республикасы мен шет мемлекет, шет мемлекеттің үкіметі не Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбеге енгізілген халықаралық ұйым арасындағы грант беру туралы шарттың көшірмесін;

2) грант алушы не орындаушы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушімен жасасқан шарттың (келісімшарттың) көшірмесін;

3) қосылған құн салығын қайтару туралы салықтық өтінішпен жүгінген кезде оның орындаушы ретінде тағайындалуын растайтын құжаттың көшірмесін;

4) тауарлардың тиеп жөнелтілгенін, жұмыстардың орындалғанын, қызметтердің көрсетілгенін және осы тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің алынғанын растайтын құжаттарды;

5) қосылған құн салығының сомасын жеке жолмен бөліп көрсете отырып, қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын өнім беруші жазып берген шот-фактураны;

6) жүкқұжатты, тауар-көлік жүкқұжатын;

7) грант алушының немесе орындаушының материалдық жауапты адамының тауарды алғанын растайтын құжатты;

8) орындалған және грант алушы немесе орындаушы қабылдаған жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің белгіленген тәртіппен ресімделген актілерін;

9) алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер үшін ақы төленгенін, оның ішінде қосылған құн салығының төленгенін растайтын құжаттарды.

Қосылған құн салығын қайтару қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын грант алушыларға немесе орындаушыларға да жүргізіледі.