Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті 25.12.2017ж. № 120-VI «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (бұдан әрі – Салық Кодексі) сәйкес халықаралық шарттың ережелерін қолданған кезде бейрезиденттің келесі айқындалған тәртіппен табыс салығын қайтарып алуға құқығы бар:
1) салық агенті осы Кодекстің ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған бейрезиденттің кірістерінен табыс салығын ұстап қалған және бюджетке аударған;
2) бейрезидент халықаралық шартқа сәйкес тұрақты мекеме құруға алып келмейтін құрылымдық бөлімше арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметті жүзеге асырудан түсетін кірістерінен табыс салығын есептеген және төлеген;
3) бейрезидент Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістерінен осы Кодекстің ережелеріне сәйкес табыс салығын төлеген жағдайларда.
Бұл ретте бейрезидент төленген табыс салығын бюджеттен қайтарып алуға келесі құжаттарды қоса бере отырып, салықтық өтінішті (бұдан әрі - өтініш) салық органына ұсынуға міндетті:
1) жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге немесе өзге де мақсаттарға келісімшарттардың (шарттардың, келісімдердің) көшірмелері;
2) бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат;
3) алынған кірістер мен ұстап қалған немесе төленген салықтардың сомасын растайтын бухгалтерлік немесе өзге де құжаттардың көшірмелері;
4) бейрезидент Қазақстан Республикасының аумағында осындай мақсаттар үшін жалдаған жұмыскерлер немесе басқа да персоналдар арқылы жұмыстарды орындаған, қызметтер көрсеткен жағдайда - осындай жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарының және олардың Қазақстан Республикасының аумағында болу мерзімін растайтын құжаттардың көшірмелері;
5) өтінішті заңды тұлға берген жағдайда қосымша:
құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелері не құрылтайшыларды (қатысушыларды) және бейрезидент-заңды тұлғаның мажоритарлық акционерлерін көрсете отырып, сауда тізілімінен (акционерлер тізілімінен) немесе бейрезидент тіркелген мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де ұқсас құжаттан үзінді көшірмелер қоса берілуге тиіс.
Бейрезидент өтінішті Кодекстің 48 бабына сәйкес, талап қоюдың ескіру мерзімі өткенге дейін ұсына алады.
Салық органы бейрезиденттің ұсынылған өтінішін оны бейрезидент ұсынған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде. Бұл мерзім құжаттық тексеру немесе салық органдарымен сұраныстар жолдау кезінде тоқтатылады.
Бейрезиденттің өтінішін қарау қорытындылары бойынша салық органы мынадай:
1) табыс салығын толықтай немесе оның бір бөлігін қайтару туралы;
2) табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы шешімдердің біреуін шығарады.
