
Арнаулы салық режимін, оны қолдану шарттарына сәйкес болған кезде, жаңадан жұмыс бастау кезінде таңдау қажет (ҚР Салық Кодексінің 679 бабы). Сондықтан, жаңадан құрылған заңды тұлғалар - әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей салық органына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салық режимін қолдану туралы хабарлама тапсыруы қажет.
Егер жаңадан құрылған салық төлеушi осы тармақтың бірінші бөлігінде айқындалған тәртiппен арнаулы салық режимiн таңдап алмаған жағдайда осындай салық төлеушi қолданылатын салық салу режимi туралы хабарлама бергенге дейiн салық салудың жалпыға бірдей белгiленген тәртiбiн таңдап алды деп танылады.
Сонымен қатар, жаңадан құрылғанын қоспағанда, салық төлеушi арнаулы салық режимiн қолдану шарттарына сәйкес келген кезде арнаулы салық режимiне ауысуға құқылы. Таңдалған салық режимi, қолдану шарттарының сәйкес келмеуі жағдайлары туындауын қоспағанда, күнтiзбелiк жыл iшiнде өзгертуге жатпайды. Салық салудың жалпыға бiрдей белгiленген тәртiбіне ауысқан кезде шағын бизнес субъектілеріне арналған арнаулы салық режимiне кейіннен көшу жалпыға бiрдей белгiленген тәртiптi қолданудың күнтiзбелiк бiр жылынан кейін мүмкiн болады.
Арнаулы салық режимiн қолдануға мүмкiндiк бермейтiн талаптар туындаған жағдайларда салық төлеушi жалпыға бiрдей белгiленген салық салу тәртібіне немесе өзге де арнаулы салық режимiне көшу үшiн осындай жағдайлар туындаған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде қолданылатын салық салу режимi туралы хабарлама беруге мiндеттi.
Салық Кодексінің 679 бабының 7 тармағы бойынша, камералдық бақылау барысында арнаулы салық режимiн қолданудың сәйкес келмеуi фактiсін анықтаған кезде, салық органдары жалпыға бiрдей белгiленген тәртіпке ауыстырғанға дейін, салық төлеушiге камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар туралы хабарлама жолдайды.
Облыс бойынша 2019 жылы, камералдық бақылау барысында арнаулы салық режимiн қолданудың сәйкес келмеуi фактiсі 63 заңды тұлға бойынша анықталды. Нәтижесінде, барлық салық төлеушілер жалпыға бiрдей белгiленген тәртiбіне ауыстырылды.