Date of publication: 16.03.2016 11:20
Date of changing: 21.10.2019 15:35

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған 100 нақтың қадамның 41-тармағы мүлікті және қаржыны заңдастыру ресімдерін оңайлатуға арналған.  Бұл жайлы жиі айтылғанымен, қарапайым халық оның қалай жүзеге асатынынан әлі де болса толықтай хабардар емес. Ал 2017 жылдан бастап қазақстандықтардың табысын декларациялау шаралары қолға алынатынын ескерсек, өз мүлкін заңдастырып үлгермеген азаматтардың алдында қиындықтар туындауы мүмкін. Ендеше, мүлікті жария етудің жаңа тәртібі қандай жеңілдіктерді қарастырған?

2015 жылдың 13 қарашасында Мемлекет басшысы мүлікті жария  ету жөніндегі Заңға енген өзгерістер мен толықтыруларды бекіткен болатын. Бұл ереже күшіне енген сәттен бастап ел аумағында ақшаны жария етудің  тәртібі айтарлықтай оңтайланды. 

Бұған дейін ақша міндетті түрде екінші деңгейлі банктен немесе «Қазпошта» АҚ –нан шот ашу арқылы жария етілетін. Сонымен қатар ол  ақша аталмыш шотта бес жыл бойы сақталып, 10 пайыздық алым алынатын. Жаңа ережеге сәйкес, ақшаны отандық банкке аударған жағдайда10 пайыздық алым талап етілмейді. Осылайша мемлекет жаңа ереже аясында ақшаны жария етудің екі жолын ұсынып отыр. Біріншісі бойынша ақшаны банктегі шотқа аударған жағдайда 10 пайыздық алым төлеу қажет емес. Екінші жолы бойынша көрсеткен ақшаның 10 пайызын алым ретінде төлеп, банкке аудармай-ақ заңдастыруға болады. Ал банкке алымсыз аударылған ақшаны бұрынғыдай бес жыл бойы сақтаудың қажеті жоқ. Мүлік иесі оны қай кезде және қайда жұмысайтынын өзі шешеді.

Жаңа ереже бойынша мүлікті жария етудің де талаптары жеңілдетілген. Бұдан былай Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасқан және басқа тұлғаға рәсімделген мүлікті заңдастыру үшін мемлекеттік кірістер органдарына жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, мүлік иесінің меншік құқығын белгілейтін құжаттың нотариуспен куәландырған көшірмесі, мүлікке иелік ету меншігін өтеусiз негізде бергені туралы шарттың нотариуспен куәландырған көшірмесі, оған қоса мүлік құнынан 10 пайыздық алым төлеп, арнайы декларация тапсыру жеткілікті. Ал мүлік құнын нысан иесінің өзі белгілейді және оның негізілдігі тексерілмейді. Ал бұрыннан өзіңіз иелік етіп келген, тек осыған дейін заңды түрде тіркеуге алынбаған мүліктер жергілікті әкімдік арқылы жария етіледі.

Қорыта келгенде, мемлекет заңдастырылмаған мүлікті өз атына аударып үлгермеген азаматтарға соңғы мүмкіндік ұсынып отыр. Сол мүмкіндікті пайдалана отырып, ел экономикасына өз үлесімізді қосу – әрқайсымыздың міндетіміз.