
Ұлт жоспарының 12 қадамына сәйкес «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің мінез-құлқы ережелерін және әдеп нормаларын одан ары дамыту туралы» 2015 жылдың 29 желтоқсандағы №153 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен:
- Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі
(Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары);
- Әдеп жөніндегі уәкіл туралы Ереже бекітілді.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды.
Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенеді.
Осы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі (бұдан әрі-Әдеп кодекс) Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңдарына, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын жалпы қабылданған талаптарды, сондай-ақ олардың мінез-құлқының негізгі стандарттарын белгілейді.
Әдеп кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Осы кодекс мемлекеттік қызметшілердің қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлқын, қызметтік қатынастағы әріптестерімен, бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты әрекеттерін көрсетеді және мемлекеттік қызметші өз жұмысында қандай әрекеттерін істемеуін айқындайды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті бұзуы осы Заңда белгіленген тәртіптік жауаптылыққа әкеп соғады.
Осыған байланысты, Әдеп кодексін бұзған жағдайда мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жауапкершілікті жүктейді.
Мен Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің (бұдан әрі-ШҚО бойынша МКД) Әдеп жөніндегі уәкіл болғандықтан, Әдеп жөніндегі уәкілдің жұмысына мұқият тоқталғым келеді.
Әдеп жөніндегі уәкілдің институты 2016 жылда енгізілген болатын. Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация беретін мемлекеттік қызметші.
Әдеп жөніндегі уәкіл функцияларды атқарады, олардың кейбіреулеріне тоқталғым келеді: мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетеді, мемлекеттік қызметшілердің заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауына ықпал етеді, өзі жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығының тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асырады, мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын және Әдеп кодексін бұзған жағдайларда, құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен шарттарды талдайды және мемлекеттік органның басшылығына оларды жою туралы ұсынымдар енгізеді.
Әдеп кодексіне сәйкес Әдеп жөніндегі уәкіл өзінің функцияларына жататын мәселелер бойынша мемлекеттік қызметшілерді және басқа да азаматтарды олардың өтініші бойынша немесе баршаға көрінетіндей жерде орналастырылған кестеге сәйкес айына кемінде бір рет қабылдауды жүзеге асырады.
Әдеп кодексінің талаптарын сақтау үшін ШҚО бойынша МКД-да семинарлар, жиналыстар, дөңгелек үстелдер үнемі түрде жүргізіледі, аймақтық бөлімшілерге заң талаптарын сақтау бойынша хаттар жолданады.
Әдеп кодексінің талаптарын сақтау бойынша ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде үнемі түрде бақылауда жүргізіледі.
Мемлекеттік кірістер органдарының әдеп талаптарын бұзу бойынша сұрақтар болған жағдайда Сіз ШҚО бойынша МКД Әдеп жөніндегі уәкіл Е.М. Татубаевқа жүгінуге құқылысыз. Ол мемлекеттік қызметшілерді және азаматтарды әр айдың ақырғы жұмасында сағат 15.00 ден 18.00-ге дейін келесі мекен-жайы бойынша қабылдауды жүргізеді: Өскемен қаласы Пермитин көшесі 27 үй 301 «А» кабинетінде, немесе жұмыс күндерінде төменгі көрсетілген телефонға звондауға болады 8/7232/24-04-12.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша
Мемлекеттік кірістер департаменті
басшысының орынбасары
ШҚО бойынша МКД
Әдеп жөніндегі уәкіл
Е.М. Татубаев