Date of publication: 01.10.2019 09:52
Date of changing: 22.11.2019 14:46

Импортталатын тауарларға қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен төлеу «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы  № 120-VI кодексінің (бұдан ары-Кодекс) 427-бабымен реттелген.

Қосылған құн салығын Ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылатын келесі тауарлар:

1) жабдықтар;

2) ауыл шаруашылығы техникасы;

3) автомобиль көлігінің жылжымалы жүк құрамы;

4) тікұшақтар мен ұшақтар;

5) теміржол локомотивтері мен вагондар;

6) теңіз кемелері;

7) қосалқы бөлшектер;

8) пестицидтер (улы химикаттар);

9) асыл тұқымды малдың барлық түрлерi мен қолдан ұрықтандыруға арналған жабдық;

10) тірі ірі қара мал бойынша қосылған құн салығын төлеушілер қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен төлейді.

Қосылған құн салығы есепке жатқызу әдісімен төленетін импортталатын тауарлардың тізбесі және оларды қалыптастыру қағидалары Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2018 жылғы 21 ақпандағы №67 бұйрығымен бекітілген.

Қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен төлеу бөлігіндегі ережелері қосылған құн салығын төлеуші әкелетін:

1) одан әрі өткізуге арналмаған;

2) халықаралық қаржы лизингіне беруді қоспағанда, қаржы лизингіне беру мақсатындағы;

3) агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша белгілеген тізбеге енгізілген, ауыл шаруашылығы техникасын жасауда пайдаланылатын тауарларға қатысты қолданылады.

Жоғарыда көрсетілген тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару, белгіленген тәртіппен кедендік төлемдер мен акцизделетін тауарлар бойынша акциздер төленген жағдайда, қосылған құн салығын іс жүзінде төлемей жүргізілед. Есепке жатқызу әдісімен төленген қосылған құн салығының сомасы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған тәртіппен қосылған құн салығы бойынша декларацияда бір мезгілде есептеу мен есепке жатқызуда көрсетіледі. Ішкі тұтыну үшін тауарлар шығарылған күннен бастап бес жыл ішінде салық заңнамасының талаптары орындалмаған жағдайда, импортталатын тауарларға қосылған құн салығы кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен және мөлшерде, импортталатын тауарларға қосылған құн салығын төлеу үшін белгіленген мерзімнен бастап өсімпұл есептеле отырып төленуге жатады.

Бұл ретте:

1)  малды амалсыз сою нәтижесінде алынған ет және ет өнімдерін өткізу немесе осындай малдардың агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган бекіткен табиғи кему нормалары шегінде кемуі (қырылуы);

2) бұрын әкелінген тауарларды кері экспорт рәсіміне сәйкес әкету;

3) тауарлар шығарылғаннан кейін қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару осы бапта белгіленген талаптарды бұзушылық болып табылмайды.

Импортталатын тауарларға қосылған құн салығы есепке жатқызу әдісімен төленген тауарларды Қазақстан Республикасының аумағында ішкі тұтыну үшін шығарылған күннен бастап бес жыл өткен соң өткізу импортталатын тауарларға қосылған құн салығын салуға жатпайды.

 

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түсіндіру жұмыс басқармасы