Салық төлеушінің салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұруға құқығы
Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VI «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің (әрі қарай – Салық кодексі) 213-бабы 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес салық төлеушінің (салық агентінің) Салық кодексінің 213-бабында айқындалған тәртіппен салықтық өтініш негізінде салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұруға құқығы бар.
Салық кодексінің 213-бабы 2-тармағына сәйкес салық органы салықтық өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұруды (ұзартуды, қайта бастауды) жүргізуге немесе салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұрудан бас тартуға міндетті.
Салық кодексінің 213-бабы 4-тармағының 2-тармақшасына сәйкес салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұрудан бас тарту салық төлеушіде (салық агентінде) талап қоюдың ескіру мерзімін ескере отырып, Салық кодексінің 213-бабының 1-тармағы екінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген салықтық есептілікті ұсынбау фактісі болған жағдайларда қабылданады.
Жоғарыда мазмұндалғандар негізінде салық төлеуші (салық агенті) Салық кодексінің 213-бабының шарттарын сақтаған жағдайда салықтық өтініш негізінде салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұруға құқығы бар, сонымен бірге салық органы Салық кодексінің 213-бабының 1-тармағы екінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген шарттар орындалмаған жағдайда салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұрудан бас тартады, яғни салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық есептілікті ұсынбау фактісі болған жағдай.
Салық кодексінің 213-бабы 6-тармағына сәйкес қызметті тоқтата тұру кезеңінде салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) қызметін қайта бастау фактілерін анықтаған жағдайда, салық органдары аталған тұлғаларды хабардар етпестен, салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұру мерзімін қызмет қайта басталған күннен бастап тоқтатылды деп таниды.
Салық кодексінің 213-бабы 6-тармағының мақсаттары үшін, Салық кодексінің 213-бабына сәйкес қызметін тоқтата тұрған салық төлеушінің (салық агентінің) салықтарды, бюджетке төленетін төлемдер мен әлеуметтік төлемдерді есептеу, төлеу жөніндегі міндеттемелердің туындауына алып келетін қызметті жүзеге асыруды бастауы қызметтің қайта басталуы деп танылады.
Жоғарыда мазмұндалғандар негізінде қызметін тоқтата тұрған салық төлеушінің (салық агентінің) (салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұру үшін негіз болып табылатын салық органының қабылдаған шешіміне сәйкес) табыс етілетін салық есептілігінде, салықтарды, бюджетке төленетін төлемдер мен әлеуметтік төлемдерді есептеу, төлеу жөніндегі міндеттемелердің туындауына алып келетін қызметті жүзеге асыруды бастауы болған жағдайда, салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) қызметі қайта басталды деп таниды.