Date of publication: 28.01.2019 11:49
Date of changing: 21.10.2019 15:34

Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті 25.12.2017ж. № 120-VI «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің (бұдан әрі – Салық Кодексі) 217 бабына сәйкес Қазақстан Республикасының резиденті болып:

  1. мынадай:

Қазақстан Республикасында тұрақты болатын;

Қазақстан Республикасында тұрақты болмайтын, бірақ өмірлік мүдделерінің орталығы Қазақстан Республикасында болатын жеке тұлға;

  1. мынадай:

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған;

шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған, тиімді басқару орны (нақты басқару органының тұрған жері) Қазақстан Республикасында болатын заңды тұлға табылатынын хабарлайды.

Егер жеке тұлға ағымдағы салықтық кезеңде аяқталатын кез келген қатарынан он екi айлық кезеңде кемiнде күнтiзбелiк бір жүз сексен үш күн (келу және кету күндерiн қоса алғанда) Қазақстан Республикасында болса, ол ағымдағы салықтық кезеңде Қазақстан Республикасында тұрақты болған жеке тұлға деп танылады.

Бір мезгілде мынадай шарттарды орындаған кезде:

1) жеке тұлғада Қазақстан Республикасының азаматтығы немесе Қазақстан Республикасында тұруға рұқсаты (ықтиярхаты) болса;

2) жеке тұлғаның жұбайы (зайыбы) және (немесе) жақын туыстары Қазақстан Республикасында тұрса;

3) Қазақстан Республикасында жеке тұлғаның кез келген уақытта тұруы және (немесе) жұбайының (зайыбының) және (немесе) оның жақын туыстарының тұруы үшін қолжетімді, оған және (немесе) жұбайына (зайыбына) және (немесе) оның жақын туыстарына меншік құқығында немесе өзге де негіздерде тиесілі жылжымайтын мүлкі болса, жеке тұлғаның өмірлік мүдделерінің орталығы Қазақстан Республикасында деп танылады.

Салық Кодексінің 218 бабына сәйкес Қазақстан Республикасының резидентілігін растау келесі тәртіп бойынша жүргізіледі:

Резидент Қазақстан Республикасы халықаралық шарт жасасқан шет мемлекетте қызметін жүзеге асырған жағдайда, тиісті халықаралық шарттың талаптарын орындаған кезде резидент көрсетілген мемлекетте осындай халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқылы.

            Халықаралық шартты қолдану мақсатында, сондай-ақ өзге де мақсаттарда тұлға Қазақстан Республикасының резиденттігін растау үшін, егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, осындай тұлға тұрған, болатын (тұрғылықты) жері бойынша тіркелген салық органына қатысты жоғары тұрған болып табылатын салық органына резиденттікті растауға арналған салықтық өтінішті ұсынады.

Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 12.02.2018ж. № 160 бұйрығына сәйкес салық резиденттілігін растауға арналған салықтық өтініштің жаңа нысаны бекітілген (6 қосымша). Бұл өтініш түрін 2 данада www.kgd.gov.kz. сайтынан (ҚР заңнамасы – нормативтік құқықтық актілер – салықтық өтініштер) басып шығаруға болады.

Егер тұлға уәкілетті органға сатылы түрде тікелей бағынатын салық органында тұрған, болатын (тұрғылықты) жері бойынша тіркелген болса, резиденттікті растауға арналған салықтық өтініш осындай салық органына ұсынылады.

Бұл ретте төменде аталған тұлғалар салық органына резиденттікті растауға арналған салықтық өтінішке қоса мынадай құжаттарды:

1) өзінің тиімді басқару орнының Қазақстан Республикасында болуы негізінде резидент болып табылатын шетелдік заңды тұлға - заңды тұлғаны тиімді басқару орнының (нақты басқару органы тұрған жер) Қазақстан Республикасында болуын растайтын құжаттың (өткізілген орны көрсетіле отырып, директорлар кеңесінің немесе соған ұқсас органның жалпы жиналысы хаттамасының немесе негізгі басқару және (немесе) бақылау, сондай-ақ заңды тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүргізуі үшін қажетті стратегиялық коммерциялық шешімдер қабылдау орнын растайтын өзге де құжаттардың) нотариат куәландырған көшірмесін;

2) резидент болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматы - жеке куәлігінің немесе Қазақстан Республикасы паспортының көшірмесін;

3) резиденттер болып табылатын шетелдік және азаматтығы жоқ адам мыналардың:

шетел паспортының немесе азаматтығы жоқ адам куәлігінің;

Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаттың (ол болған кезде);

Қазақстан Республикасында болу кезеңін растайтын құжаттың (визаның немесе өзге де құжаттардың) нотариат куәландырған көшiрмелерiн ұсынуға мiндеттi.

Бұл жағдайда Қазақстан Республикасында болу кезеңін растайтын құжат, уәкілетті органмен (көші-қон қызмет органы) ұсынылған, шетел азаматының ҚР болу кезеңін растайтын анықтама болып табылады.

Резиденттікті растауға арналған салықтық өтінішті қарау қорытындылары бойынша салық органы оны ұсынған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде:

1) тұлғаға уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша оның резиденттігін растайтын құжатты береді немесе шет мемлекеттің құзыретті органы белгіленген нысан бойынша оның резиденттігін растайды.

Резиденттікті растайтын құжат электрондық құжат нысанында берілген жағдайда, осындай құжатты уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастыру күні беру күні болып табылады;

1) тұлғаның резиденттігін растаудан бас тарту туралы негізделген шешім шығарады.

Тұлғаның резиденттігін растаудан бас тарту осы Кодекстің 217-бабында белгіленген шарттарға сәйкес келмеген жағдайда жүргізіледі.

Тұлғаның резиденттігі осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі шегінде, резиденттікті растауға арналған салықтық өтініште көрсетілген әрбір күнтізбелік жыл үшін расталады.

Резиденттікті растайтын құжат жоғалған жағдайда, осындай құжатты берген салық органы резиденттің өтініші ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның телнұсқасын береді.