Date of publication: 01.07.2015 15:58
Date of changing: 21.10.2019 15:34

Салық есептілігін уақтылы табыс ету салық төлеушінің негізгі салықтық міндеттемелерінің бірі болып табылады.

Салық есептілігін ұсынбаған жағдайда құқық бұзушылықты анықтаған күннен бастап салық төлеушіге салық есептілігінің табыс етілмеуі туралы хабарлама жолданады.

Салық кодексінің 608 бабының 2 тармағына сәйкес салық есептілігінің табыс етілмеуі туралы хабарлама салық төлеушіге хабарламаны берген күннен кейінгі келесі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде орындалуы тиіс. Белгіленген мерзімде хабарламаны орындамау Салық кодексінің 611 бабына сәйкес салық төлеушінің банктегі шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға әкеліп соғады.        

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 272 бабына сәйкес, салық есептілігінің белгіленген мерзімнің бұзылуымен табыс етілгені немесе салық есептілігінің табыс етілмегені үшін әкімшілік жауапкершілік шаралары қарастырылған.

Егерде, құқық бұзушылық бірінші рет абайсыздықтан немесе білместіктен жасалса, салық төлеуші ескерту ретінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет жеке тұлғаларға – 15 айлық есептік көрсеткіш (29730 теңге), дара кәсіпкерлерге, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына және адвокаттарға – 30 АЕК (59460 теңге), шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерi немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға – 45 АЕК (89190 теңге), iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға – 70 АЕК (138740 теңге) мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Мазмұндалғанды есепке ала отырып, сондай-ақ, 2015 жылдың 2 тоқсанына және 1 жартыжылдығына салық есептілігін табыс ету мерзімдерінің жақындауына байланысты, салықтық міндеттемелерді уақтылы орындау керектігін еске саламыз, және де, мәселелердің алдын-алу үшін салықтық есептілікті табыс етуді мерзімнің ақырғы күндеріне қалтырмауға кеңес береміз.

 

               ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті