Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдар аралығындағы Құқықтық саясат концепциясын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы жаңа кодексі әзірленді.
Әкімшілік заңнаманы жетілдіру азаматтардың құқықтарының, қоғамның және мемлекеттің мүдделерінің заңсыз қол сұғушылықтардан қорғалуын арттыруға, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауда заңдылықтың сақталуына бағытталған.
Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жолдауында шағын және орта бизнесті, іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өткен болатын.
Жаңа Кодекс ізгілендіру сияқты негізгі бағытты іске асыру жолымен әкімшілік заңнаманы реформалауға бағытталған. Ол шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін айыппұл көлемін азайту, әкімшілік тыйым салу мерзімін барынша қысқарту, сондай-ақ алғашқы жасалған құқық бұзушылыққа ескерту түріндегі жаза қолдануды қарастырады.
Әкімшілік жаза қолдану кезінде сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмау үшін ҚР ӘҚБтК-де құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік айыппұлдың белгіленген көлемі нақты қарастырылған. Бұл ретте, проценттік қатынаста көрсетілген айыппұл, соның ішінде салық заңнамасын бұзғаны үшін, белгіленген жағдайларда ғана қолданылатын болады.
Айтылғандардан өзге, жеке кәсіпкерлерді және заңды тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тартатын, соған сәйкес, осы құқық бұзушылық үшін жеке кәсіпкердің және заңды тұлғаның жұмысшысы әкімшілік жауаптылықтан босатылатын жаңа норма енгізілді.
Жаңа Кодексте бұрынғы әкімшілік заңнамада болмаған әкімшілік істің жаңадан ашылған жағдайлар бойынша қайта қаралу мүмкіндігі қарастырылған.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларының институты жетілдірілді. Атап айтқанда, жеке тұлғаның заттарын жете тексеру, қарау және жеке басын жете тексеру, көлік құралдарын жете тексеру сияқты шаралар өздерінің мазмұнына сәйкестендірілді.
Жеке бап Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуге қатысушыларды хабарландыру тәртібіне арналған. Әкімшілік айыппұл салу туралы қаулыны өз еркімен орындауға ынталандыру мақсатында жекелеген әкімшілік істер бойынша қаулы ұсынылған сәттен бастап жеті күндік мерзім ішінде төлеген жағдайда салынған айыппұл көлемін 50% -ке төмендетуді қарастыратын қысқартылған іс жүргізу енгізілді.
Мемлекеттік кірістер органдарымен қаралатын құқық бұзушылықтар бойынша тұлғаға берілген хабарлама негізінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша хаттама толтырмстан және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы шығарусыз айыппұл төлеу түрінде көрінетін тұлғаны жауаптылыққа тартудың жеңілдетілген рәсімі қарастырылған.
Әкімшілік заңнамаға енгізілген жаңалықтардың мақсаты мемлекеттік органдарға азаматтар тарапынан сенімдерінің артуы, бюджетке түсімдердің молаюы, бәсекелес бизнес-орта қалыптастыру, кәсіпкерліктің тепе-тең жағдайын қамтамасыз ету, бизнеске түсетін әкімшілік ауыртпашылықтарды азайту болып табылатындығы анық.
ШҚО бойынша МКД
Заң басқармасы