Date of publication: 26.09.2025 09:46
Date of changing: 26.09.2025 09:50

МДП кітапшасы (TIR Carnet) – халықаралық автокөлікпен жүк тасымалдауда қолданылатын құжат. Ол 1975 жылы қабылданған халықаралық конвенция негізінде енгізілген және бүгінде әлемнің 60-тан астам елінде қолданылады. Негізгі мақсаты – тауарларды әртүрлі елдердің аумағы арқылы жылдам әрі ыңғайлы тасымалдауға жағдай жасау.

Бұл – арнайы бланкі түрінде берілетін құжат. Оның ішінде жүк, көлік құралы, жүргізуші және маршрут туралы мәліметтер көрсетіледі. Кітапша транзиттік декларацияны алмастырады, яғни тасымалдаушы әр елде бөлек құжат толтырмайды.

МДП кітапшасының артықшылықтары

1. Қарапайым рәсімдеу – бір құжат бірнеше елде жарамды.
2. Уақытты үнемдеу – шекарада тексеріс аз уақыт алады.
3. Қаржылық кепілдік – кеден үшін салықтар мен төлемдер сақтандырылған болып саналады.

4. Халықаралық мойындау – Конвенцияға қатысушы барлық елдер қабылдайды.

МДП кітапшасы жалпы құны 100 000 Евро дейінгі жүкке қолданылады. Бұл халықаралық тасымалдардың көп бөлігіне жеткілікті.

Қазақстанда МДП кітапшасы белсенді түрде қолданылады. Оның нақты мысалы – Қытаймен шекарадағы Майқапшагай кеден бекеті. Бұл жерден көптеген тауарлар Орталық Азия елдеріне және Еуропаға транзитпен өтеді. Кітапшаны қолданудың арқасында шекарадан өту уақыты қысқарады, тасымалдаушыдан қосымша кепіл ақша талап етілмейді, көлік құралдары ұзақ күтпей, тез қозғалады.

МДП кітапшасы халықаралық тасымалдау процесін жеңілдететін тиімді құрал. Ол кедендік рәсімдерді жылдамдатып, тасымалдаушыларға уақыт пен қаржы жағынан үлкен жеңілдік береді. Майқапшагай кеден бекетінің тәжірибесі осы жүйенің Қазақстан үшін маңыздылығын нақты көрсетеді.