Date of publication: 16.07.2025 11:45
Date of changing: 16.07.2025 11:45

2025 жылғы 11 шілдеде бейнеконференцбайланыс режимінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Төраға орынбасарының төрағалығымен Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы «Тоқтаусыз транзит» пилоттық жобасын іске асыру жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтті.

Отырыс барысында екі елдің уәкілетті органдарының өкілдері сауда рәсімдерін оңайлатуға, тауарларды ресімдеу уақытын қысқартуға бағытталған кедендік транзит саласындағы өзара іс-қимылдың басым бағыттарын талқылады. Пилоттық жоба 2026 жылдың аяғына дейн іске асыру жоспарлануда.

Талқылау қорытындысы бойынша тараптар «Тоқтаусыз транзит» пилоттық жобасын іске асыруға өзара мүдделілігін растады және оны белгіленген тәртіппен практикалық пысықтауды бастау туралы уағдаласты.
Отырыс шеңберінде транзиттік операцияларды жүзеге асыру кезінде цифрлық құралдарды енгізудің негізгі аспектілері, оның ішінде электрондық ілеспе құжаттарды пайдалану және екі елдің кеден қызметтерінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау қаралды.

Тараптар тиісті нормативтік және техникалық базаны дайындауды, сондай-ақ пилоттық іске қосу нәтижелерін мониторингтеу және бағалау жөніндегі бірлескен іс-шараларды жүргізуді қоса алғанда, сындарлы диалогты жалғастыруға және жобаны кезең-кезеңімен іске асыру үшін қажетті қадамдар жасауға уағдаласты.