Date of publication: 30.09.2024 08:59
Date of changing: 30.09.2024 09:00

2024 жылғы 26 қыркүйекте Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті ШҚОФ «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында салық төлеушілердің, оның ішінде консалтингтік компаниялар, БАҚ өкілдерінің қатысуымен офлайн және онлайн форматтарда ZOOM конференциясы арқылы «Салық және кеден заңнамасының өзекті мәселелері» тақырыбында семинар өткізді.

Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Әсет Мұқашев жеке тұлғалардың мүлкіне, көлік құралдарына салынатын салықты әкімшілендіру, жалпыға бірдей декларациялаудың 3 кезеңінің қорытындылары туралы айтты. Қатысушылардың назарына ағымдағы жылдың 1 қазанында жеке тұлғалардың 2023 жылдың мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталатынын жеткізді.

Спикер салықты «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшалары, Екінші деңгейдегі банктер (бұдан әрі - ЕДБ), «Электрондық үкімет» порталы, ЕДБ бөлімшелерінде, сондай-ақ банкоматтар мен төлем терминалдарындағы банк карталарының көмегімен төлеуге болатынын атап өтті.

Әрі қарай Камералдық мониторинг басқармасының бөлім басшысы Жұлдыз Құрманғалиева 2024 жылғы 4 қыркүйектен бастап 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті фискалдық деректер операторымен бірлесіп «Чекті талап ет – жүлдені ұтып ал» акциясын өткізіп жатқанын хабарлады.

« - Акция кезінде Қазақстанның әрбір тұрғыны кез келген затты сатып алу немесе ақылы қызметті қолдану кезінде смартфон және басқа да бағалы сыйлықтар ұтып алу мүмкіндігіне ие болады. Тек тауарлар, жұмыстар және қызметтер үшін төленген сомаға берілетін чектерді App Store және Play market-тен тегін жүктеп алуға болатын «Amian» мобильдік қосымшасында тіркесе болды. Акцияға тек деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-кассалық машиналардың чектерін (Онлайн БКМ) чектері қатысады»,-деп түйіндеді Жұлдыз Құрманғалиева.

Түсіндіру жұмысы және Байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимова салық заңнамасындағы және платформалық жұмыспен қамту жөніндегі әлеуметтік кодекстегі өзгерістер туралы айтты. Өзгерістер, оның ішінде интернет-платформа операторларын орындаушылар болып табылатын арнайы мобильді қосымшаны пайдалана отырып, АСР қолданатын дара кәсіпкерлер үшін салықтар мен әлеуметтік төлемдерді ұстап қалу және төлеу жөніндегі салық агенттері деп тануды, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер мөлшерлемесінің мөлшерін азайтуды көздейді.

Тауарлар шығарылғаннан кейінгі кедендік бакылау басқармасының бөлімінің бас маманы Бауыржан Амренов камералдық кедендік тексеру жүргізу тәртібін түсіндірді.

Іс-шара соңында Департамент өкілдері салық төлеушілер мен БАҚ-тың барлық сұрақтарына жауап берді.