Date of publication: 25.09.2024 18:25
Date of changing: 25.09.2024 18:26

Қазақстан Республикасы Салық заңнамасының 166 бабының 1 тармағына сәйкес егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай есеп айырысулар модельдері мемлекеттік тізілімге енгізілген, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналары мiндеттi түрде қолданыла отырып жүргiзiледi.

Бақылау-касса машиналарын қолдану кезінде мынадай талаптар қойылады:

1) ақшалай есеп айырысулармен байланысты қызмет басталғанға дейін бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою жүзеге асырылады;

2) тауар, жұмыс, көрсетiлетiн қызмет үшін төленген сомаға бақылау-касса машинасының чегін немесе тауар чегін беру жүзеге асырылады;

3) бақылау-касса машиналарына салық органдары лауазымды адамдарының қол жеткізуі қамтамасыз етіледі.

Салық заңнамасының 166 бабының 6 тармағына сәйкес бақылау-касса машинасының чегі мынадай ақпаратты:

1) салық төлеушінің атауын;

2) салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірін;

3) бақылау-касса машинасының зауыттық нөмірін;

4) бақылау-касса машинасының салық органындағы тіркеу нөмірін;

5) чектің реттік нөмірін;

6) тауарларды сатып алу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету жасалған күн мен уақытты;

7) тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бір бірлігі үшін бағасын;

8) фискалдық белгіні;

9) деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарының бақылау чегінің төлнұсқалығын тексеру үшін фискалдық деректер операторының атауын және фискалдық деректер операторы интернет-ресурсының деректемелерін;

10) тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің атауын;

11) сатып алынатын тауардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің санын, олардың өлшем бірлігін;

12) тауарды, жұмысты, көрсетілетін қызметті сатудың жалпы сомасын;

13) егер салық төлеуші қосылған құн салығын төлеуші болып табылса – тауарларды, жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді өткізу бойынша, қосылған құн салығы салынатын айналымдар жөніндегі мөлшерлемені көрсете отырып, қосылған құн салығының сомасын;

14) бақылау-касса машинасы пайдаланылатын жердің мекенжайын;

15) бақылау-касса машинасының чегі туралы ақпаратты кодталған түрде қамтитын штрих кодты қамтуға тиіс.

Сонымен қатар, валюта айырбастау, металл сынықтарын, шыны ыдысты қабылдау пунктерінде, ломбардтарда қолданылатын бақылау-касса машиналарының чегі сату сомасы және сатып алу сомасы туралы ақпаратты қосымша қамтуға тиіс.

БКМ чектерінің деректемесіне қойылатын талаптарға назар аударуды және қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес деректерді келтіруді ұсынамыз.