Date of publication: 08.08.2024 15:28
Date of changing: 08.08.2024 15:30

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 633-бабының негізінде 250.00 нысаны бойынша "Активтер мен міндеттемелер туралы" декларация ұсынылған жылдан кейінгі жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялауға қатысушылар жыл сайын 270.00 нысаны бойынша "Кірістер мен мүлік туралы" декларацияны ұсынуға міндетті.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап кірістер мен мүлік туралы декларацияның 270.00 нысаны оңайлатылды, декларацияланатын мәліметтер тізбесі қысқарды, атап айтқанда төлем көзінен салық салынатын кірістерді (жалақы, депозиттер бойынша сыйақылар, зейнетақы төлемдері және т.б.) көрсету қажеттілігі алынып тасталды.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасында да, шетелде де тіркелген мүлікті сатып алу және (немесе) иеліктен шығару және (немесе) өтеусіз алу туралы мәліметтерді көрсету міндеті "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" ҚР Заңында көрсетілген жеке тұлғаларға ғана, яғни, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға; мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға; лауазымды адамдарға; мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға, сондай-ақ олардың жұбайларына жүктелген. Салық төлеушілердің қалған санаты сатып алу (иеліктен шығару) туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі мүлік бойынша ғана көрсетеді.

Кірістер мен мүлік туралы декларацияның жаңа нысаны (270.00-нысан) жоғарыда көрсетілген өзгерістерді ескере отырып және оны жасау Қағидалары Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 29.03.2024 жылғы №169 бұйрығымен бекітілген және 01.08.2024 жылдан бастап Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерінде іске асырылған.

Декларацияны электронды түрде "Салық төлеушінің кабинеті" веб-порталы және СЕӨЖ арқылы ұсынуға болады.

Сондай-ақ азаматтар декларацияны қағаз жеткізгіште пошта арқылы не тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы келу тәртібімен ұсынуға құқылы.

01.01.2024 жылдан бастап Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес декларацияны электронды түрде де, қағаз жеткізгіште де беру үшін бірыңғай мерзім белгіленді – 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыру.

2024 жылы біздің облыста 270.00 нысаны бойынша декларацияны (I-II кезеңге қатысушылар) 121,6 мың жеке тұлға ұсынуға міндетті, оның ішінде бүгінгі күні декларацияны 96,5 мың адам ұсынды, бұл 79% құрайды, 25,1 мың адам ұсынбады.

Салық төлеушілердің жалпыға бірдей декларациялау бойынша декларацияларды уақтылы табыс ету жөніндегі салық міндеттемелерін орындауы мақсатында Мемлекеттік кірістер департаменті декларацияларды соңғы күнге қалдырмай, алдын ала табыс етуді ұсынады.

Декларацияны толтыру бойынша барлық сұрақтар туралы 1414 байланыс орталығына (қосымша нөмірі 3), 70-12-56, 24-43-30 телефондары (ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті), сондай-ақ салық төлеушінің тұрғылықты жері бойынша аумақтық мемлекеттік кірістер басқармаларының телефондары арқылы хабарласуға болады.