
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілердің назарына 2024 жылы Қазақстан Республикасында жеке кәсіпкерлікті қалай тіркеуге болатындығы туралы ақпаратты жеткізеді.
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы № 375-V Кәсіпкерлік кодексінің 36-бабының 1-тармағына және 5-тармағына сәйкес ЖК ретінде тіркеу туралы хабарлама ұсыну рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік жүйесі арқылы немесе өзге де ақпараттандыру объектілері арқылы жүргізіледі.
Жеке кәсіпкерлікті келесі жолдармен дербес тіркеуге болады:
- Egov.kz порталы арқылы;
- E-license.kz порталы арқылы;
- «e-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы;
- банктердің мобильді қосымшалары арқылы (Kaspi Bank, Halyk Bank, Bank Centercredit).
Egov.kz және E-license.kz порталдарда ЖК тіркеу үшін сізге электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет болады. Егер ЖК банктердің мобильді қосымшалары арқылы ашылса, онда банкішілік сәйкестендіру рәсімінен өту қажет болады.
Сіздің жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніңізді растау ретінде тіркеу туралы хабарлама немесе жеке кәсіпкерді тіркеу туралы талон болады. Жеке кәсіпкерді тіркеу туралы хабарлама алған сәттен бастап сіз таңдалған қызмет түрімен айналыса аласыз.
Сондай-ақ, Салық кодексінің 679-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жаңадан құрылған заңды тұлғалар үшін арнайы салық режимін таңдау оны қолдану шарттарына сәйкес салық салу режимі туралы хабарламада жүзеге асырылады, ол салық органына тіркеуші органда мемлекеттік тіркелгеннен кейін 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей табыс етіледі.
Егер жаңадан құрылған салық төлеуші ЖК тіркеу кезінде арнаулы салық режимін таңдамаған жағдайда, онда мұндай салық төлеуші қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама бергенге дейін салық салудың жалпыға бірдей белгіленген тәртібін таңдаған болып танылады. Салық салу режимін таңдау болашақ қызмет түріне, қызметкерлердің болжамды санына, сондай-ақ жеке кәсіпкердің жылдық айналымына байланысты.
ЖК ашудан мынадай жағдайларда бас тартылуы мүмкін:
- ҚР-да тыйым салынған қызмет түрлерімен айналысуды тіркеуге әрекет жасаған кезде;
- жеке тұлғаға кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынған кезде (тыйым салу мерзімі әлі аяқталмаған жағдайда);
- жеке тұлғада бұрын тіркелген ЖК болған жағдайда.