Date of publication: 23.05.2024 14:25
Date of changing: 23.05.2024 14:28

 

ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Бұқтырма су қоймасының жағалауында көшпелі семинар өткізді

 

Бүгін, 2024 жылғы 23 мамырда Алтай қаласында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Атамекен» ҚР ҰКП, құқық қорғау және уәкілетті органдардың, БАҚ өкілдерінің қатысуымен салық заңнамасын түсіндіру бойынша кең ауқымды көшпелі семинар өткізді.

Семинарды Департамент басшысының орынбасары Сайранқан Қабыш ашып, өз сөзінде облыс тұрғындарының салық сауаттылығын арттыруға, әділ салық салуды қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге бағытталған іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

Шығыс Қазақстан облысы – адами және табиғи әлеуеті мол еліміздің тау-кен өнеркәсіптік өңірі, оның ауданы - 98 мың шаршы шақырым, ал тұрғындарының саны 2024 жылғы 1 сәуірге - 726,4 мың адамды құрайды.

Алтай ауданы - Алтай қаласы, Республиканың ірі өнеркәсіптік ауданы болып табылады, мырыш, қорғасын, мыс өндірумен қатар цемент өндіріледі, сонымен қатар, негізгі дақыл - күнбағыс тұқымын өсіретін ауыл шаруашылығының аймағы болып табылады. Аудан Бұқтырма су қоймасының жағалауларын, сондай-ақ облыстың барлық аумағында орналасқан туристік маршруттарды қамтитын туристік демалыс орталықтарының бірі болып табылады.

Алтай ауданы - Алтай қаласындағы бизнес субъектілерінің саны – 3552 (заңды тұлғалар - 691, ЖК - 3246). Өңірдің экономикалық тұрақтылығын өнеркәсіп айқындайды, өңірдің басты тауары өнеркәсіптік өндіріс өнімдері болып табылады.

Семинар барысында Департамент өкілдері салық органдарында тіркеу есебіне қою, БКМ мен терминалдарды қолдану, салық есептілігінде жалдамалы қызметкерлердің табыстарын көрсету, туризм объектілеріне салық салу тәртібі туралы заңнаманың ережелерін айтты.

Семинарға қатысушылардың назарына 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап салық заңнамасындағы жалпы өзгерістер, жалпыға бірдей декларациялау және мобильді аударымдар мәселелері жеткізілді.

Сонымен қатар, спикерлер тауарларға ілеспе жүкқұжаттар және алкоголь өнімдерін сақтауға және бөлшек саудада сатуға лицензия алу тәртібі туралы хабарлады.

Семинар барысында Департаменттің, құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері Алтай қаласының тұрғындарының сұрақтарына жауап берді, семинар соңында қатысушыларға салық салу, жалпыға бірдей декларациялау бойынша жадынамалар/буклеттер табыс етілді.