
2023 жылғы 04 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде қызметкерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру және ұжымда қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында Департаменттің шағын футболдан үздік «Кеден Мастерс» құрама командасының қатысушыларымен «Тағылымы мол жүздесу» кездесуі өтті.
Мемлекеттік қызметте қызметкерлерге әдептілік, құзыреттілік, жауапкершілік және еңбекқорлық сияқты қасиеттермен қатар бұқаралық спортпен және дене шынықтырумен айналысуға дағдыландыру қалыптасқан. Жылдар бойы жинақталған спорттағы шыңдалу, тәжірибе мен жеңіске жету қабілеті қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін орындау кезінде міндеттер мен функцияларды сәтті шешуге көмектесіп келеді.
«Тағылымы мол жүздесу» кездесуі аясында аумақтық мемлекеттік кірістер органдары, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдар мен әлеуетті құрылымдар арасында облыстық және республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері болып табылатын «Кеден Мастерс» шағын футбол командасының қатысушыларымен сұхбат өтті. Команда 40 жылдық межені еңсерген қазіргі және бұрынғы қызметкерлер қатарынан тұрады, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы ардагерлері қауымдастығының құрамына кіреді. Шағын футбол мен футзалдан облыстың жеті дүркін чемпионы ретінде «Кеден Мастерс» командасы республикалық чемпионаттар мен турнирлерде үлкен нәтижелерге қол жеткізді. «Кеден Мастерс» еліміздің мықты ұжымдарын жеңе отырып, екі дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы, футзалдан және шағын футболдан ҚР Чемпионатының күміс және екі мәрте қола жүлдегері атанды.
Қазіргі таңда Департаменттің көптеген жас қызметкерлері - футболшылар команда құрамына қосылып, абыройын қорғауға ниет білдіруде. Команда бастауында тұрып, негізін қалаушы Департаменттің лауазымды тұлғаларының қатарында Болатбек Жаманбаев, Руслан Сейлханов, Ержан Омарбаев, Сымбат Кемешев, Қанат Агибаев, Раиль Маратбаев, Ренат Сафин, Ерік Татубаев, Дәурен Байыркенов, Ерболат Асқаров, Жасұлан Мұсаханов және т.б. қызметкерлер бар.
Кездесу барысында «Кеден Мастерс» командасының мүшелері қатысушылардың көптеген сұрақтарына жауап беріп, шағын футболда кәсіби деңгейде қалыптасу тарихымен бөлісті.
«- Жарысқа қатысу мінезді шыңдап, командалық рухты көтеріп, нәтиже үшін күресуге баулиды, бұл тек спортта ғана емес, қызметте де жеңіске жетуге ықпал етеді», - деп атап өтті Тауарларды шығарғаннан кейінгі кедендік бақылау басқармасының басшысы Болатбек Жаманбаев.
Футбол командасы қызметте ғана емес, қоғамдық өмірде де жас ұрпақ үшін жарқын үлгі көрсетті. Іс-шарадан кейін жылы естеліктер мен жағымды әсерлер қалды.