Date of publication: 01.12.2023 16:21
Date of changing: 01.12.2023 16:22

«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 47-тарауына сәйкес кедендік тексеру кедендік бақылауды жүргізу нысандарының бірі болып табылады.

Көшпелі кедендік тексеруді жүргізу тәртібі Кодекстің 418-бабымен айқындалған.

Көшпелі кедендік тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:

1) жоспардан тыс көшпелі кедендік тексеру;

2) жоспардан тыс қарсы көшпелі кедендік тексеру;

3) кешенді көшпелі кедендік тексеру.

Көшпелі кедендік тексеру нұсқаманың негізінде жүргізіледі (Кодекстің 418-бабының 3-тармағы).

Жоспардан тыс көшпелі кедендік тексерулер осындай тексерулерді жүргізу кезеңділігі шектелмей жүргізіледі.

Жоспардан тыс көшпелі кедендік тексерулерді тағайындаудың негізі Кодекстің 418-бабының 10-тармағында тізімделген

Тексерілетін тұлға ұсынған мәліметтердің анықтығын растау қажет болған кезде кеден органы көшпелі кедендік тексеруді жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған және (немесе) тіркелген және тауарлармен мәмілелер (операциялар) бойынша тексерілетін тұлғамен байланысты тұлғаларда кеден органы жоспардан тыс қарсы көшпелі кедендік тексеру жүргізуі мүмкін.

Тексерілетін тұлғаға кедендік тексеру жүргізу туралы нұсқаманың көшірмесін табыс еткен күн көшпелі кедендік тексеру жүргізу басталған күн болып есептеледі.

Кодекстің 418-бабының 11-1-тармағына сәйкес кешенді көшпелі кедендік тексеру тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде жүргізіледі.

Кешенді көшпелі кедендік тексерулерді тағайындау үшін тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, тексерілетін тұлғаларды таңдау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

Кешенді көшпелі кедендік тексерулердің жартыжылдық графиктеріне өзгерістер енгізуге жол берілмейді.

Кешенді көшпелі кедендік тексерулер кешенді көшпелі кедендік тексерулердің жартыжылдық графигі бойынша жүргізіледі.

Уәкілетті орган кешенді көшпелі кедендік тексерулердің графигін өзінің интернет-ресурсында бірінші жартыжылдыққа – кешенді көшпелі кедендік тексерулер жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 25 желтоқсанына дейін орналастырады.

Екінші жартыжылдыққа – кешенді көшпелі кедендік тексерулер жүргізілетін ағымдағы күнтізбелік жылдың 25 мамырына дейін орналастырады.

Кеден органдары кешенді көшпелі кедендік тексеруді жүргізу басталардан кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын тексерілетін тұлғаға нысанын уәкілетті орган белгілеген кешенді көшпелі кедендік тексеру жүргізу туралы хабархатты жібереді немесе табыс етеді.

Көшпелі кедендік тексеруді жүргізу мерзімі екі айдан аспауға тиіс. Көрсетілген мерзімге тексерілетін тұлғаға құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну туралы талапты табыс еткен күн мен мұндай құжаттарды және (немесе) мәліметтерді алған күн арасындағы уақыт кезеңі қосылмайды.

Көшпелі кедендік тексеруді жүргізу мерзімі мұндай тексеруді жүргізетін кеден органының шешімі бойынша бір айға ұзартылуы мүмкін.

Көшпелі кедендік тексеру нәтижелері көшпелі кедендік тексеру актісімен ресімделеді.

Көшпелі кедендік тексеру актісі жасалғанға дейін, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және (немесе) өзге де заңнамасын бұзушылық анықталған жағдайда, кеден органының лауазымды адамы тексерілетін тұлғаға көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісін жібереді немесе табыс етеді.

Бұл ретте тексерілетін тұлға көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық ұсынуға құқылы.

Көшпелі кедендік тексеру нәтижелері бойынша ресімделген, екі данада жасалатын және кедендік тексеруді жүргізген лауазымды адамдар қол қоятын көшпелі кедендік тексеру актісі жасалған күн көшпелі кедендік тексеру аяқталған күн болып есептеледі.

Көшпелі кедендік тексеру актісін кедендік тексеруді жүргізген кеден органының басшысы (оны алмастыратын адам) бекітеді.

Көшпелі кедендік тексеру актісінің бірінші данасы кедендік тексеру материалдарына қоса тігіледі, актінің екінші данасы есеп-қисаптары қоса беріле отырып, көшпелі кедендік тексеру аяқталған күннен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірілмей тексерілетін тұлғаға жіберіледі немесе табыс етіледі.

Көшпелі кедендік тексеру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген дара кәсіпкерлерді қоспағанда, жеке тұлғаларға қатысты жүргізілмейді.