
ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОМИССИЯ
АЛҚА
ШЕШІМ
«05» шілде 2023 ж. № 90 Мәскеу қ.
Үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеу шаралары туралы Хаттаманың 4 және 37-тармақтарына сәйкес (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 7 қосымша) Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына азаматтық
мақсаттағы, оның ішінде кіріктірілген не басқа тауарлар (Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 21 сәуірдегі № 30 шешіміне № 15 қосымша) құрамына кіретін радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды әкелу туралы Ереженің 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Радиоэлектрондық құралдарды және (немесе) жоғары жиілікті құрылғыларды жеке пайдалануға арналған тауарлар ретінде жеке тұлғалардың әкелуі, осы тармақтың екінші және үшінші абзацтарында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, Одақтың мүше мемлекетінің (бұдан әрі – мүше мемлекет) кеден органына қорытынды (рұқсат беру құжаты) ұсынылған кезде жүзеге асырылады.
Жеке тұлғалардың одақтың кедендік аумағынан бұрын уақытша әкетілген жеке пайдалануға арналған тауарлар ретінде одақтың кедендік аумағына радиоэлектрондық құралдарды және (немесе) жоғары жиілікті құрылғыларды кері әкелуі аталған радиоэлектрондық құралдарды және (немесе) жоғары жиілікті құрылғыларды әкету кезінде ресімделген және олардың сәйкестендіру белгілері (радиожиіліктің атауы, моделі және диапазоны) бар жолаушылар кедендік декларациясын мүше мемлекеттің кеден органына ұсынған кезде жүзеге асырылады.
Жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарлар ретінде бірыңғай тізілімге немесе осы Ережеге № 2 қосымшада көзделген тізбеге енгізілген радиоэлектрондық құралдарды және (немесе) жоғары жиілікті құрылғыларды әкелуі мүше мемлекеттің кеден органына қорытынды (рұқсат беру құжаты) және жолаушылар кедендік декларациясын ұсынбай жүзеге асырылады.».
2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн аяқталғаннан кейін күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы М. Мясникович