Date of publication: 25.07.2023 16:35
Date of changing: 25.07.2023 16:36

Салық кодексінің 658-бабымен бейрезидент-жеке тұлғаның салық агенті болып табылмайтын тұлғадан Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістеріне салық салу тәртібі белгіленген.

Егер Салық кодексімен өзгеше белгіленбесе, бейрезидент-жеке тұлғаның  салық агенті болып табылмайтын тұлғадан алынған кірістерінен, салық шегерiмдерi жүзеге асырылмай, жеке табыс салығы 20 пайыз ставкасымен есептеледі.

Сонымен қатар бейрезидент-еңбек мигранттары кірістің салық салынатын сомасынан 10 пайыз ставкамен жеке табыс салығын есептейді.

Егер Салық кодексімен өзгеше белгіленбесе, жеке табыс салығын төлеудi бейрезидент-жеке тұлға салықтық кезең үшін жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшiн белгiленген мерзiмнен кейiнгі күнтiзбелiк он күннен кешiктiрмей дербес жүргiзедi.

Жеке табыс салығы бойынша декларацияны (240.00-нысаны) дербес салық салуға жататын кірістер бойынша бейрезидент-жеке тұлға тұрғылықты жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей тапсырады.

Ағымдағы салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызына дейін Қазақстан Республикасының аумағына кейіннен кірместен ағымдағы салықтық кезең ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге кету жағдайында бейрезидент-жеке тұлға жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыруға және ағымдағы салықтық кезең ішінде жеке табыс салығын төлеуге құқылы. Бұл ретте жеке табыс салығы бойынша декларация ағымдағы салықтық кезеңнің басынан бастап Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге осындай тұлға кеткен күнге дейінгі кезең үшін тапсырылады.

Жеке табыс салығы бойынша декларацияны (240.00-нысаны) есепті салықтық кезеңіне есептелген жеке табыс салығының сомасы жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемдер сомасынан асып кеткен жағдайда бейрезидент-мигрант тұрғылықты жеріндегі салық органына есептi салықтық кезеңнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей тапсырады.

Бұл ретте салықтық кезең ішінде бейрезидент-еңбек мигранты Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шыққан жағдайда жеке табыс салығы бойынша декларация осындай адамның Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шығатын күніне дейін тапсырылады.