
2023 жылғы 30 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Әсет Ілиясұлы Мұқашев ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Жалпыға бірдей декларациялаудың II - кезеңіне көшу» тақырыбында сөз сөйледі.
Брифинг аясында Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңімен көшу жөніндегі алдағы іс-шаралармен және мерзімдерімен таныстырып, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсыну қалай жүзеге асырылатынын хабардар етті.
Өз сөзінде, Әсет Мұқашев 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі басталғаны жайлы мәлімдеді. Декларацияны мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары тапсыруға міндетті.
Жалпыға бірдей декларацияны алғашқы рет ұсынғанда тұлғалар негізгі нысан мен 6 қосымшадан тұратын «Активтер мен міндеттемелер туралы декларация» (250.00-нысан) яғни, кіріс декларациясын ұсынуы қажет.
Активтер мен міндеттемелер туралы декларация табыс етілген жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша, яғни 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларация (250.00-нысан) жасалады.
Спикер конференцияны қорытындылай келе, жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі мақсаты көлеңкелі экономикаға қарсы күрес екенін атап өтті және азаматтарды «e-SalyqAzamat» мобильді қосымшасы арқылы декларацияны уақтылы тапсыруға шақырды, декларацияны бірнеше минут ішінде электронды түрде «e-SalyqAzamat» мобильді қосымшасының көмегімен және Салық төлеушінің кабинеті арқылы тапсыруға болатыны туралы атап өтті.
«–Жалпыға бірдей декларациялау бойынша сұрақтарға жауаптарды 1414 (қосымша нөмірі 3) нөмірі бойынша, сондай-ақ толық ақпаратты ҚР ҚМ МКК-нің ресми сайтындағы (kgd.gov.kz) «Жалпыға бірдей декларациялау» бөлімінен алуға болады. Сонымен қатар, әр сәрсенбі сайын сағат 11 - ден 11-30-ға дейін Зум қосымшасы арқылы «Сұрақ-жауап» форматында 250 және 270 нысандағы декларацияларды толтыру бойынша конференция өткізіледі, конференцияға қосылу сәйкестендіргіші көрсетілген аңдатпа апта сайын ШҚО бойынша МКД-нің Instagram-дағы ресми парақшасында орналастырылады https://www.instagram.com/shko.salyq.kz/?hl=ru ", - деп қорытындылады ШҚО бойынша МКД,Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы.
Толығырақ келесі сілтеме арқылы білуге болады: https://fb.watch/iozQAK9jsB/.