
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі басталады. Мемлекеттік мекемелері мен квазимемлекеттік секторының қызметкерлері және олардың жұбайлары алғаш рет 250.00 нысаны бойынша активтер мен міндеттемелер туралы бастапқы декларацияны 31.12.2022 жылғы жағдай бойынша береді, кейіннен жеке тұлғаның кірістері мен мүлік туралы декларацияны жыл сайын ұсынады (270.00 нысан).
Мемлекеттік мекемелер-бұл білім беру, мектепке дейінгі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және т.б. салалардағы мекемелер мен ұйымдар.
Квазимемлекеттік сектор-бұл мемлекет қатысушысы немесе акционері болып табылатын мемлекеттік кәсіпорындар, акционерлік қоғамдар, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ олармен үлестес болып табылатын еншілес, тәуелді және өзге де заңды тұлғалар.
Активтер мен міндеттемелер туралы бастапқы декларацияда шет мемлекетте жылжымалы және жылжымайтын мүліктің, шетелдік банктердегі банк шоттарында 1000 АЕК-тен астам ақшаның болуы, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлесі, бағалы қағаздардың, инвестициялық алтынның және т.б. болуы көрсетіледі.
Сондай-ақ АЕК мөлшерінің 10 000 еселенген шегінен аспайтын қолма-қол ақша көрсетіледі.
Декларацияны esalyqАzamat мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ салық төлеушінің кабинеті арқылы ұсынуға болады.
Толық ақпаратты ҚР ҚМ МКК kgd.gov.kz ресми интернет-ресурсының "Жалпыға бірдей декларациялау" бөлімінде, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер департаментінің ресми сайттарынан, әлеуметтік желілерінен алуға болады.
Барлық сұрақтар бойынша аумақтық мемлекеттік кірістер органдарына немесе 1414 Бірыңғай байланыс орталығына жүгінуге болады.
Түсіндіру жұмыс басқармасы