
Тауардың шығарылған елі тауарды елдің кедендік аумағына әкелуді және тауарды осы аумақтан әкетуді реттеудің тарифтік және тарифтік емес шараларын қолдану, сондай-ақ тауарларды сыртқы сауда статистикасында есепке алуды қамтамасыз ету мақсатында айқындалады.
Тауардың шығарылған елін анықтау халықаралық тәжірибе қағидаттары негізінде жүзеге асырылады. Тауардың шығарылған елі, елдің заңнамалық актілеріне белгіленген өлшемдерге сәйкес тауар толығымен өндірілген немесе жеткілікті түрде қайта өнделген ел болып саналады. Бұл ретте, егер тауардың шығу тегін айқындау мақсатында оларды бөлу қажеттілігі туындаса, тауар шығарылған ел деп елдер тобы, елдердің кеден одақтары, өңір немесе елдің бір бөлігі түсінілуі мүмкін.
Одақтың кедендік аумағына Одақтың тарифтік преференцияларының бірыңғай жүйесін пайдаланатын дамушы немесе аз дамыған елдерден әкелінетін тауарларға қатысты тарифтік преференциялар беру мақсаттары үшін, Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2018 жылғы 14 маусымдағы № 60 шешімімен бекітілген дамушы және аз дамыған елдерден тауарлардың шығу тегін айқындау қағидалары қолданылады.
Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттерден шығатын және олардың арасындағы сауда айналымындағы тауарлардың шығарылған елін айқындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 желтоқсандағы № 1478 қаулысымен бекітілген Тәуелсіз мемлекеттер достастығындағы тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидалары туралы 2009 жылғы 20 қарашадағы келісім қолданылады.
Тауарлардың шығу тегі ЕАЭО кедендік аумағына ЕАЭО-мен сауда-экономикалық қатынастарда еркін сауда режимі қолданылатын мемлекеттерден әкелінетін тауарларға қатысты тарифтік преференциялар беру мақсаттары үшін айқындалған жағдайда, еркін сауда режимін қолдануды көздейтін үшінші тараппен ЕАЭО-ның тиісті халықаралық шартында белгіленген тауарлардың шығу тегін айқындау қағидалары қолданылады.
Бүгінгі күні мұндай шарттарға мыналар жатады:
1.Бірінші тарап ЕАЭО мен оның мүше мемлекеттері мен екінші тарап Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісім;
2.Бірінші тарап ЕАЭО мен оның мүше мемлекеттері, екінші тарап Иран Ислам Республикасы арасында еркін сауда аймағын құруға әкелетін уақытша келісім;
3.Бірінші тарап ЕАЭО мен оның мүше мемлекеттері мен екінші тарап Сербия Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісім.
Кедендік әкелу бажын төлеуден босату үшін еркін сауда аймағын құру туралы келісімдердің халықаралық нормаларына сәйкес тауарларды ЕАЭО кедендік аумағына әкелу кезінде олардың шығу тегін растау белгіленген нысанның шығу тегі туралы куәлігі болып табылады.