
Ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша салық салу тәртібі Салық кодексінің 282-284-баптарында көзделген.
Келісімшарт бойынша көзделген өндіру, орнату, салу басталған салықтық кезең шегінде аяқталмаған өндіруге, орнатуға, салуға арналған келісімшарт (шарт) ұзақ мерзімді келісімшарт болып табылады.
Салықтық есепке алу әрбір ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша жеке жүргізіледі.
Ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша кіріс салық төлеушінің таңдауы бойынша іс жүзіндегі әдіс немесе аяқтау әдісі бойынша әрбір ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша жеке айқындалады.
Кірістерді айқындаудың таңдап алынған әдісі әрбір ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша қолданылатын әдістерді көрсетуге арналған салықтық тіркелімде көрсетіледі және оны ұзақ мерзімді келісімшартты қолдану мерзімі ішінде өзгертуге болмайды.
Осындай салықтық тіркелім немесе онда таңдап алынған әдіс туралы ақпарат болмаған кезде іс жүзіндегі әдіс осындай әдіс болып танылады.
Салықтық кезеңде ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша шегілген шығыстар сомасы осы бөлімнің 2, 3 және 4-параграфтарына сәйкес шегерімге жатқызуға жатады.
Іс жүзіндегі әдісті қолданған кезде есепті салықтық кезеңінде алынуға жататын (алынған), бірақ ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша осындай кезең ішінде келтірілген шығыстар сомасынан кем емес кіріс есепті салық кезеңі үшін ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша кіріс болып танылады.
Егер ұзақ мерзімді келісімшарттың қолданыс мерзімі ішінде осындай келісімшарт бойынша, осы баптың 1-тармағына сәйкес айқындалған кіріс ұзақ мерзімді келісімшарттың бүкіл қолданылу кезеңінде ол бойынша айқындалатын жалпы кіріс сомасынан асып кеткен жағдайда:
1) осындай асып кету болған салықтық кезеңде – ұзақ мерзімді келісімшарттың бүкіл қолданылу кезеңінде ол бойынша айқындалатын жалпы кіріс сомасы мен ұзақ мерзімді келісімшарт қолданылған алдыңғы салықтық кезеңдерде жылдық жиынтық кіріске қосылған осындай келісімшарт бойынша кіріс сомасы арасындағы оң айырма мөлшеріндегі кіріс;
2) ұзақ мерзімді келісімшарт қолданылған кейінгі салықтық кезеңдерде – нөлге тең сома ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша кіріс болып танылады.
Аяқтау әдісін қолданған кезде есепті салықтық кезеңде салық салу мақсаттары үшін ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша кіріс мынадай тәртіппен айқындалады:
ұзақ мерзімді келісімшарттың бүкіл қолданылу кезеңінде ол бойынша алынуға жататын осы келісімшарт бойынша жалпы кіріс сомасы мен ағымдағы салықтық кезеңде осындай келісімшартты орындау үлесінің көбейтіндісі алу алдыңғы салықтық кезеңдерде салық салу мақсаттарында осындай ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша кіріс.
Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, ұзақ мерзімді келісімшартты орындау үлесі мынадай формула бойынша есептеледі:
А/(А+Б), мұнда:
А – ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша алдыңғы және есепті салықтық кезеңдер үшін осы Кодекске сәйкес шегерімге жатқызылған шығыстар;
Б – ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша жұмыстарды аяқтау үшін кейінгі салықтық кезеңдерде жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жүргізілуге тиіс, ұзақ мерзімді келісімшартты қолданудың кейінгі салықтық кезеңдерінде шегерімге жатқызуға жататын, ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша шығыстар.
Ұзақ мерзімді келісімшарттың қолданылу мерзімі аяқталатын салықтық кезеңде осындай ұзақ мерзімді келісімшарттың орындалу үлесі бірге тең болады.