Жарияланған күні: 01.04.2024 16:11
Өзгертілген күні: 01.04.2024 16:13

Қате немесе артық төленген салықтық емес түсімдерді қайтару Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 04.12.2014 жылғы №540 бұйрығымен бекітілген "Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесімен" реттеледі.

Салықтық емес түсімдердің артық немесе қате төленген сомаларын қайтару үшін төлемнің осы түрін алуға жауап беретін уәкілетті органға өтініш беру керек және төлем туралы төлем құжатының көшірмесін қоса беру қажет. Қайтару туралы өтініште төлеушінің барлық деректері және алушының банк шотының міндетті нөмірі, сондай-ақ банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның атауы, БСК, ЖСК көрсетіледі.

Өтініш оң қаралған жағдайда уәкілетті орган қорытынды жасайды және қайтаруға төлем тапсырмасын қалыптастыру үшін мемлекеттік кіріс органына ұсынады.

Бұл ретте, уәкілетті орган Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының сақталуын, сондай-ақ қорытындыда қамтылған деректердің анықтығын қамтамасыз етеді және олардың сақталмағаны/сәйкес келмегені үшін жауапты болады.

Төлеушілердің назарын республикалық бюджетке салықтық емес түсімдерді алуға, сондай-ақ қайтаруға жауапты уәкілетті органдардың тізбесі Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 07.02.2018 жылғы №136 бұйрығымен бекітілгеніне аударамыз.

Жергілікті бюджетке салықтық емес түсімдерді жинауға жауапты уәкілетті орғандардың тізбесін жергілікті атқарушы органдар бекітеді.

Қате немесе артық төлемдерді болдырмау үшін кез келген төлемді жүзеге асыру кезінде мұқият болу және төлемді есептеген немесе төлемді төлеу бойынша міндеттеменің туындағаны туралы хабарлаған орган ұсынған деректемелерге сәйкес төлемді жүзеге асыру қажет.