Жарияланған күні: 11.08.2015 10:16
Өзгертілген күні: 21.10.2019 15:34

Қазіргі жағдайда қоғамның тіршілік қарекетін мемлекеттік басқару саласындағы қоғамдық қарым-қатынастарды реттеуде негізгі рөлге әкімшілік құқық ие болып отыр. Бұл,  әкімшілік-құқықтық нормалар әр адамның өміріне қатыстылығымен, әрі бұл нормалардың адамның құқығы мен бостандығын қорғауға және сақтауға бағытталғандығымен байланысты.

Елбасы бес институционалдық реформаның бірі ретінде мемлекетті басқарудың тиімді (ұйымдастырушылық, құқықтық, кадрлік) механизмін құру, оның саясатын және заңдарын іске асырумен қатар, заңның үстемдігін жариялады.

Қазақстан Республикасының Конституциясы – адамның заңды құқықтары мен бостандықтарының негізгі кепілі, оның 1-бабында Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады делінген.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексі, бірінші кезекте, осы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделген.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) ерекше бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтардың барлық белгілері бар әрекет жасау әкімшілік жауаптылықтың негізі болып табылады.

Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-ның 821- бабына сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істі қарау нәтижесі бойынша шешім қаулы түрінде шығарылады.

Әр адам өз өмірінде, тіпті ол туралы өзі білмей тұрып-ақ, бір әкімшілік құқық бұзушылық жасайды. Егер жеке тұлғаға әкімшілік қамау жазаның ең жаманы болса, заңды тұлға үшін – бұл аса ірі көлемдегі айыппұл немесе қызметін тоқтату, жекелеген жағдайларда – белгілі бір қызметпен айналысуға құқық беретін лицензиясынан (арнайы рұқсатынан) айыру, иелігіндегі мүлкін тәркілеу.

 Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес, әркім өз құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы және конституциялық сот алдындағы теңдік принципі негізінде олардың сотта қорғалуына құқылы.

Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын сақтау үшін заң шығарушы қаулыға - он тәулік ішінде, жекелеген бұзушылықтар бойынша – Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 832-бабына сәйкес, қаулының көшірмесін алғаннан кейін - отыз тәулік ішінде жоғары лауазымды тұлғаға немесе сотқа  шағымдануға, наразылық білдіруге құқық береді.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс бойынша қаулыға шағым түскен кезде, заң шығарушы Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 835-бабына сәйкес, шағымды қарау және белгілі бір шешім шығару үшін  он тәулік  - шектеулі мерзім - белгілейді.

Шағым берген кезде шағымданушы Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 833-бабының нормаларын есепке алуы қажет, шағым берiлiп отырған соттың, жоғары тұрған органның (лауазымды адамның) атауы, шағым берушiнiң тегі, аты және әкесінің аты заңды тұлғаның дәл атауы, тұрақты тұрғылықты жерi немесе орналасқан жерi (пошта мекенжайы) көрсетіле отырып, шағым жазбаша түрде берiледi.

Шағым мазмұнында шағым жасалып отырған құқықтық актiнiң немесе әрекеттiң мазмұны, сондай-ақ құқықтық акт немесе әрекеттер өзiнiң құқықтарын және бостандықтарын бұзады деп есептейтiн себептер, айқын тұжырымдаған өтінішхат көрсетiлуге тиiс.

Шағымға шағым беруші міндетті түрде қол қояды. Заңды тұлғаның атынан берiлетін шағымға оның өкiлi немесе осыған уәкiлеттiк берілген басқа да тұлға қол қояды.

Егер шағым басқа тұлғаның мүддесiнде берiлсе, онда мүддесi үшін шағым берiлiп отырған адамның аты мен  тегi, тұрақты тұрғылықты жерi немесе орналасқан жерi (пошта мекенжайы) көрсетілуі қажет. Шағымға өкiлеттiктi растайтын құжат қоса беріледі.

Шағым екi данада, сот, орган, (лауазымды адам) шығарған, шағым жасалып отырған құқықтық актінің көшірмесі, сондай-ақ шағымда келтірілген дәлелдерге негiздеме ретінде өзге де құжаттар қоса беріледі.
Шағымның мазмұны мен беру тәртібіне қойылатын белгіленген талаптарды сақтау шағымның белгіленген мерзімде тиісті шешім шығарыла отырып қаралуына кепіл болады.