Жарияланған күні: 29.03.2024 12:10
Өзгертілген күні: 29.03.2024 12:12

Қол қою бонусы жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт аумағында (жер қойнауы учаскесінде), сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен келісімшарт аумағы (жер қойнауы учаскесі) кеңейтілген кезде жер қойнауын пайдалану құқығын иелену үшін біржолғы тіркелген төлемі болып табылады.

Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын алу конкурсының жеңiмпазы болған немесе жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тiкелей келiссөздер негiзiнде жер қойнауын пайдалану құқығын алған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртiппен жер қойнауын пайдалануға арналған мынадай келісімшарттардың біреуiн:барлауға арналған келісімшартты;пайдалы қазбаларды өндiруге арналған келісімшартты; бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшартты; геологиялық зерделеуге арналған лицензияны;жер қойнауының кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны;кен іздеушілікке арналған лицензияны жасасқан (алған) жеке немесе заңды тұлға қол қою бонусын төлеуші болып табылады.

Қол қою бонусының бастапқыдан төмен емес сомадағы түпкiлiктi мөлшерiн жер қойнауын пайдалану құқығын алуға өткiзiлген конкурстың нәтижелерi бойынша конкурстық комиссия шешiмімен белгілейді немесе жер қойнауын пайдаланушымен тiкелей келiссөздер жүргiзу нәтижелерi бойынша құзыреттi орган белгiлейдi және ол жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа енгiзiледi.

Аукцион нәтижелері бойынша берілетін лицензияны қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия бойынша қол қою бонусының сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және қол қою бонусын төлейтін күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетілген мөлшерлеме негізге алына отырып есептеледі.

Қол қою бонусын төлеу мерзімі басталатын күнтізбелік тоқсан қол қою бонусы бойынша салықтық кезең болып табылады.

Қол қою бонусы бюджетке салық төлеушінің тұрған жеріндегі салық төлеуші конкурс жеңімпазы деп жарияланған күннен немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тікелей келіссөздер хаттамасына қол қойылған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей төленеді.

Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялар бойынша қол қою бонусы осындай лицензия берілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей салық төлеушінің тұрған жері бойынша бюджетке төленеді.

Келісімшарт аумағы (жер қойнауы учаскесі) кеңейтілген кезде қол қою бонусы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен осындай кеңейту туралы өзгерістер енгізілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей салық төлеушінің тұрған жеріндегі бюджетке төленеді.

Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын, теміржолдарды және гидроқұрылыстарды салу (реконструкциялау) және жөндеу кезінде пайдаланылатын кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығына жазбаша рұқсат алу кезінде қол қою бонусы Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес осындай рұқсат алынған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей салық төлеушінің тұрған жеріндегі бюджетке төленеді.

Қол қою бонусы бойынша декларацияны (510.00 СЕН) жер қойнауын пайдаланушы тұрған жерiндегі салық органына салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-күніне дейiн тапсырады.