Жарияланған күні: 11.06.2026 08:55
Өзгертілген күні: 11.06.2026 09:21

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілді, ол жеке табыс салығын (ЖТС) есептеу тәртібі мен жеке тұлғалардың салықтық шегерімдерді қолдану қағидаларына өзгерістер енгізді. Жаңашылдықтардың негізгі мақсаты – табысы төмен азаматтардың салықтық жүктемесін азайту және салықтық жеңілдіктер жүйесін жетілдіру.

Салықтық шегерім – бұл жеке табысты есептеу кезінде жеке тұлғаның табысынан алып тасталатын сома. Қолданылатын шегерімдердің мөлшері неғұрлым көп болса, төленуге жататын салық сомасы соғұрлым аз болады.

2026 жылдан бастап жеке тұлғалардың табыстарының көпшілігіне прогрессивті салық салу шкаласы қолданылады:

• жылына 8500 АЕК-ға дейінгі табысқа – 10%;
• жылына 8 500 АЕК-дан асатын табыс бөлігіне – 15%.

Осылайша, жалақы деңгейі қалыпты қызметкерлердің көпшілігі үшін ЖТС мөлшерлемесі 10% деңгейінде сақталады.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексіне сәйкес жеке тұлғалар келесі салықтық шегерім түрлерін қолдануға құқылы:

- Әлеуметтік төлемдер бойынша шегерімдер (МЗЖ, МӘМС жарналары, әлеуметтік аударымдар);

- Базалық салықтық шегерім (2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді):
• ай сайын 30 АЕК мөлшерінде;

• күнтізбелік жыл ішінде 360 АЕК-тен аспайтын мөлшерде.

2026 жылға арналған АЕК мөлшері 4 325 теңге болған жағдайда шегерім сомасы: айына – 129 750 теңге, жылына – 1 557 000 теңге.

Базалық шегерім әрбір салық төлеушіге оның табыс деңгейіне қарамастан салық салынатын табысын азайтуға мүмкіндік береді (тек бір салық агентінде қолданылады).

- Әлеуметтік салықтық шегерімдер:

І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін күнтізбелік жыл ішінде 5 000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде.

Жекелеген әлеуметтік осал санаттар үшін жылына АЕК 882 еселенген мөлшерінде (үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оларға теңестірілген тұлғалар;
тыл еңбеккерлері; мүгедектігі бар баланың ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының бірі; «бала кезінен мүгедектігі бар адам» деген себеппен мүгедектігі бар адам деп танылған осындай адам үшін - ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының бірі және т.б.).

Салықтық шегерімдер:

• жалақыны есептеу кезінде жұмыс берушімен;

• заңнамада көзделген жағдайларда салық декларациясын ұсыну кезінде жеке тұлғаның өз бетінше қолданылуы мүмкін.