Жарияланған күні: 04.05.2018 16:48
Өзгертілген күні: 21.10.2019 15:35

 

Жеке табыс салығын есептеу кезіндегі салықтық шегерімдер

 

2018-жылдың 1-қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VІ Кодексі (әрі қарай – Салық кодексі) қолданысқа енгізілді, Салық кодексіне жеке табыс салығын есептеу бөлігі бойынша елеулі өзгерістер енгізілген.

Осы Салық кодексінің «Жеке табыс салығы» тарауы:

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін - Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Қазақстан Республикасының Кодексін қолданысқа енгізу туралы Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 121-VI Заңының (әрі қарай Қолданысқа енгізу туралы Заң) 33-бабымен;

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай декларациялауды ескере отырып – Салық кодексімен екі редакцияда қарастырылған.

Салық кодексінің 01.01.2018 ж. бастап 01.01.2020 ж. дейінгі редакциясына сәйкес келесідей шегерім түрлері қолданылады:

1) міндетті зейнетақы жарналары түріндегі салықтық шегерім;

2) зейнетақы төлемдері және жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша салықтық шегерім;

3) стандартты салықтық шегерімдер (бұдан әрі - стандартты шегерімдер);

4) өзге салықтық шегерімдер (бұдан әрі - өзге шегерімдер), олар ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерімді, медицинаға арналған салықтық шегерімді, сыйақылар бойынша салықтық шегерімді қамтиды.

Аталған салықтық шегерімдер төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша - салық агентімен және жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістер бойынша - жеке тұлғаның дербес қолдануына жатады.

Жоғарыда аталған салықтық шегерімдерді қолдану үшін жеке тұлға салық агентіне салықтық шегерімдерді қолдану құқығын растайтын құжаттарды беруі тиіс және аталған салықтық шегерімдер Салық кодексінің 342-бабының  1-тармағында көрсетілген тәртіптегі реттілікпен қолданылады.

Жеке тұлға міндетті зейнетақы жарналары түріндегі салықтық шегерімді қоспағанда, салықтық шегерімнің белгілі бір түрін бір салық агентінде ғана қолдануға құқылы, сәйкесінше жеке тұлға міндетті зейнетақы жарналары түріндегі салықтық шегерімді әртүрлі көздерден кірістер алған кезде бірнеше салық агентінде қолдана алады.

Салық кодексінің 343-бабы 4-тармағының ережесі 2018-жылдың              1-қаңтарынан бастап пайда болған салық міндеттемесіне қатысты қолданылады. 2018-жылдың 1-қаңтарына дейінгі салық салуға жататын кірістерді қайта есептеу Салық кодексінің 48-бабымен белгіленген талап қою мерзімінің шегінде жүргізіледі.

Жұмыскердің салық салынатын кірісі сомасынан салықтық шегерімдердің сомасы асып кетуін анықтаудың және оны күнтізбелік жыл көлемінде аталған салық кезеңдерінде салық салынатын кіріс есебінен өтеу үшін келесі салық кезеңдеріне аударудың тәртібі бекітілді.

 Салық агентінде түзілген салықтық шегерімдердің асып кету сомасын, сондай-ақ салық агентінде салықтық шегерімнің қолданылмаған сомасын жеке тұлға дербес салық салуға жататын жеке тұлғаның салық салынатын кірісін есептеу кезінде жеке тұлға дербес есепке алады.