
Жеке пайдалануға арналған тауарлар, оларды жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы өткізу тәртібі мен критерийлеріне байланысты, Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы №107 «Жеке пайдалануға арналған тауарларға байланысты жекелеген мәселелер туралы» шешімімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы №250 «Жеке тұлғалардың Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізетін тауарларын жеке пайдалануға арналған тауарларға жатқызу критерийлері» туралы бұйрығына сәйкес реттеледі.
Осылайша, жоғарыда аталған заңнама нормаларына сәйкес жеке тұлғалар әуе көлігімен құны 10 000 еуродан және салмағы 50 кг-нан аспайтын жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік төлемдерсіз әкелуге құқылы. Басқа көлік түрлерімен немесе жаяу тәртіпте әкелу кезінде бұл нормалар 500 еуро және 25 кг мөлшерімен шектеледі. Егер бұл шектеулерден асып кетсе, құн мен/немесе салмақ нормаларының асып кеткен бөлігінен 30%-дық мөлшерлеме бойынша, бірақ әр килограмм үшін 4 еуродан кем емес кедендік төлем төлеу талап етіледі.
Халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы құны 200 еуро және салмағы 31 кг-нан аспайтын жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелуге рұқсат етіледі. Белгіленген нормадан асқан жағдайда, құн мен/немесе салмақ нормаларының асып кеткен бөлігінен 15%-дық мөлшерлеме бойынша, бірақ әр килограмм үшін 2 еуродан кем емес жиынтық кедендік төлем төленуі қажет.
ШҚО бойынша МКД "Ауежай Өскемен" кеден бекеті