Жарияланған күні: 25.11.2022 18:23
Өзгертілген күні: 25.11.2022 18:24

2022 жылғы 23 қарашада С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессор - оқытушылар құрамы үшін ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті және Өскемен қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы бірлесіп "Жалпыға бірдей декларациялау" бойынша семинар өткізді.

 Өз сөзінде Түсіндіру жұмысы басқармасының бас маманы Жанар Айтжанова семинарға қатысушыларды жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңімен көшу жөніндегі алдағы іс-шаралармен таныстырды, мерзімдерін белгіледі, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсыну қалай жүзеге асырылатынын хабардар етті.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі басталады. Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік мекемелері мен квазимемлекеттік секторының қызметкерлері және олардың жұбайлары алғаш рет 250.00 нысаны бойынша активтер мен міндеттемелер туралы бастапқы декларацияны 31.12.2022 жылғы жағдай бойынша тапсырады, кейіннен жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияны (270.00 нысан) жыл сайын ұсынатын болады.

Жалпыға бірдей декларацияны тапсыру кезінде тұлғалар негізгі нысан мен 6 қосымшадан тұратын "Активтер мен міндеттемелер туралы декларация" (250.00-нысан) кіріс декларациясын ұсынуы қажет.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларация табыс етілген жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша, яғни 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларация (250.00-нысан) жасалады.

Бұл декларацияны "e-SalyqAzamat" мобильді қосымшасы арқылы беруге болады, оның көмегімен бірнеше минут ішінде декларацияны электрондық түрде, сондай-ақ салық төлеушінің кабинеті арқылы беруге болады.

Іс-шара соңында ШҚО бойынша МКД және Өскемен қаласы бойынша МКБ уәкілетті тұлғалары қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.