
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің негізгі көздерінің бірі болып табылатын салық төлеуден жалтару фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша тұрақты негізде іс-шаралар өткізеді.
"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы №120-VI кодексінің (бұдан әрі - Салық кодексі) 18-бабында мемлекеттік кірістер органдары мынадай міндеттерді орындайтыны белгіленген: салық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің түсу толықтығы және уақтылылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін және заңнамада көзделген өзге де міндеттерді орындауды қамтамасыз ету.
2012 жылдың 6 қаңтарындағы №527-IV "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес капитал мен тауарларды елден тысқары жерлерге бақылаусыз әкетуді, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың өсуін қоса алғанда, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіру ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлердің бірі болып табылатынына назар аударғымыз келеді.
Бұл ретте көлеңкелі экономиканың өсуіне бюджетке салық төлеуден жалтару ықпал етеді, бұған көбінесе бухгалтерлік және салықтық есептерде құжаттарды, оның ішінде жұмыстарды орындауды, қызметтер көрсетуді, тауарларды тиеп-жөнелтуді іс жүзінде жүзеге асырмаған тұлғалардан шот-фактураларды көрсету арқылы шығыс бөлігін асыра бағалау арқылы қол жеткізіледі.
Егер ҚҚС төлемейтін өнім беруші ҚҚС сомасы бөлінген шот-фактураларды жазып берсе, онда ҚҚС сомасы Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 400-бабына сәйкес есепке жатқызуға жатпайды.
Өз кезегінде өнім берушіде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 280-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік туындайды, оған сәйкес:
"Салық төлеушiнiң жалған шот-фактура жазып беруi - шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - шот-фактураға енгiзiлген қосылған құн салығы сомасының - бір жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - екі жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне үш жүз пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді".
Сондай-ақ, салық төлеуші жалған мәмілелер бойынша есепке жатқызылатын ҚҚС-ты әдейі көрсететін жағдайлар да бар. Яғни, шот-фактуралары жоқ қолданыстағы мәміле бойынша ҚҚС есебіне жатқызылды немесе жалған шот-фактуралармен жалған мәмілелер бекітіледі. Мұндай әрекеттер, әдетте, салық төлеушінің адалдық принципін бұзады және жарамсыз мәмілелер нышандарын болдырады.
Төлеуден жалтарудың осындай фактілері бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады (салықтық тексеру, мәмілелерді жарамсыз деп тану бойынша сотта талап-арыздар қаралады, камералдық бақылау хабарламалары, сондай-ақ әкімшілік/қылмыстық жауапкершілік қойылады).
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының Мемлекеттік кірістер органдары мәмілелерді жарамсыз деп тану бойынша өнім берушілермен өзара есеп айырысу фактісіне салық төлеушілер бойынша салық төлеуден жалтару фактілерінің жолын кесу мақсатында тұрақты негізде жұмыс жүргізуде.
Мысалы, 2018-2021 жылдар аралығындағы кезеңде ірі салық төлеушілердің контрагенттерімен 194 өзара есеп айырысуын талдау нәтижесінде, айналымның жалпы сомасынан 5,5 млрд. теңге өзара есеп айырысулар бойынша 3,7 млрд. теңге (82%) сомасына тауарлар өндірілгені белгіленді немесе көрсетілген қызметтер қызмет түріне сәйкес келді. Сонымен қатар, айналым сомасы 1 млрд.теңгеге (18%) тауарлардың шығу тегі белгіленбеген немесе көрсетілген қызметтер қызмет түріне сәйкес келмейтін болжамды схемалар анықталды. Бүгінгі таңда айналым сомасы 426 млн. теңгеге жалған фактілер расталды және салық төлеушілер салық есептілігінің қосымша нысандарын ұсыну арқылы бұзушылықтарды өз бетінше жойды. Өзара есеп айырысу бойынша өнім берушілер 89 млн. теңге айналым сомасына ҚР ӘҚБтК 280-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 30 млн. теңге айналым сомасына өзара есеп айырысулар бойынша материалдар салық төлеушінің тіркеуі жарамсыз деп тану бойынша сотта қаралуда.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты әрбір салық төлеуші табыс етілетін салық есептілігінде көрсетілген мәліметтердің дұрыстығы мен толықтығы үшін дербес жауапты екенін есте сақтауы тиіс.