
Инвестициялық салық кредиті салық төлеушілерге белгілі бір мерзім ішінде кредит сомасын кейіннен кезең-кезеңімен төлей отырып, салық бойынша өз төлемдерін 100 пайызға азайту мүмкіндігі берілетін алдағы кезеңдер салықтарын төлеу мерзімін өзгертуді білдіреді.
Инвестициялық салық кредиті корпоративтік табыс салығы және (немесе) мүлік салығы бойынша үш жылға дейінгі мерзімге берілуі мүмкін.
Салық төлемдерін азайту тәртібі инвестициялық салық кредиті туралы жасалған келісімде айқындалады.
Егер салық төлеушінің залалы болса, залалды ауыстыру Салық Кодекстің Залалдарды ауыстыру бабында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл ретте, инвестициялық салық кредитінің мерзімі ұзартылмайды.
Инвестициялық салық кредитін беру туралы шешім салық төлеушінің өтініші негізінде қабылданады және өтініш беруші мен инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган арасында белгіленген нысандағы келісіммен ресімделеді.
Инвестициялық салық кредиті салық төлеушілерге инвестициялық салық кредиті туралы жасалған келісім негізінде беріледі.
Инвестициялық салық кредитінің қолданылуы тиісті шешімнің немесе келісімнің қолданылу мерзімі өткеннен кейін тоқтатылады.
Инвестициялық салық кредитінің қолданылуы:
1) салық төлеуші салықтардың және (немесе) төлемақылардың бүкіл сомасын белгіленген мерзім өткенге дейін төлеген;
2) салық төлеуші салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша инвестициялық салық кредитін беру шарттарын бұзған;
3) сот шешімі бойынша тоқтатылады, оның ішінде мерзімінен бұрын тоқтатылады.
Салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімін өзгерту туралы шешімнің қолданылуын осы шешімді қабылдаған салық органы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімін өзгерту туралы шешімнің күшін жою туралы хабарламаны салық төлеушіге жібере отырып тоқтатады.
Егер инвестициялық салық кредиті туралы келісімді жасасқан салық төлеуші оның қолданылу мерзімі ішінде сатып алынуы инвестициялық салық кредитін беруге негіз болған жабдықты немесе өзге мүлікті өткізудің не басқа тұлғаларға иеленуге, пайдалануға немесе билік етуге берудің келісімде көзделген шарттарын бұзса, осы салық төлеуші инвестициялық салық кредиті туралы келісім бұзылған күннен бастап есепті кезеңнен кейінгі салықтық кезең ішінде келісімге сәйкес бұрын төленбеген барлық салық сомасын, сондай-ақ көрсетілген келісім жасалғаннан бастап бұзылғанға дейінгі кезеңге инвестициялық салық кредиті туралы келісім қолданылған әрбір күнтізбелік күн үшін төлем күнгі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 1,25 еселенген базалық мөлшерлемесі мөлшерінде есепке жазылған тиісті өсімпұлдарды төлеуге міндетті.