Жарияланған күні: 15.12.2016 11:17
Өзгертілген күні: 21.10.2019 15:36

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 29 желтоқсандағы № 269-V Заңымен заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің жабылуына байланысты бірқатар өзгерістер енгізіліп, оларға аудиторлық ұйым жасаған салықтар бойынша аудиторлық қорытындысы негізінде қызметін тоқтатуына мүмкіндік берілген.

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне жаңадан «Салықтар бойынша аудиторлық қорытындының нәтижелері бойынша таратылатын резидент заңды тұлғалардың және қызметін тоқтататын дара кәсіпкерлердің жекелеген санаттарының салық міндеттемесін орындау ерекшеліктері» 37-2 бабы енгізілді.

Осы бап бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін:
      1) таратылатын заңды тұлғаның немесе қызметін тоқтататын дара кәсіпкердің осы Кодекстiң 46-бабында белгiленген талап қоюдың ескіру мерзiмi кезеңіндегі түзетулер ескеріле отырып, жылдық жиынтық кірістерінің жалпы сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштің 60000 еселенген мөлшерінен аспайтын;

    2) салық органына қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш берілген күнге дейін күнтізбелік жиырма күн бұрын аудиторлық ұйым жасаған салықтар бойынша аудиторлық қорытындысы бар таратылатын резидент заңды тұлғалардың және қызметін тоқтататын дара кәсіпкерлердің жекелеген санаттарының салық міндеттемесін орындау ерекшеліктерін белгілейді.     

Бұл ретте, егер салықтар бойынша аудиторлық қорытындының нәтижелері бойынша салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеу және төлеу жөніндегі міндеттемелер туындаса, таратылатын заңды тұлға немесе қызметін тоқтататын дара кәсіпкер мұндай міндеттемелерді аудиторлық ұйым салықтар бойынша аудиторлық қорытындыны осындай салық төлеушіге тапсырған күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде орындауға тиіс.
         Резидент заңды тұлға тарату туралы шешім қабылданған жағдайда, дара кәсіпкер қызметті тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда өзі орналасқан жердегі салық органына бір мезгілде:

  1. қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішті;
     
  2. тіркеу есебі болған кезде жекелеген қызмет түрлері бойынша осындай есепке алудан шығару туралы салықтық өтінішті;
     
  3. таратудың салық есептілігін;
     
  4. аудиторлық ұйым жасаған салықтар бойынша аудиторлық қорытындыны;
  5. бақылау-кассалық машина салық органында есепке қойылған жағдайда таратылатын заңды тұлға немесе қызметін тоқтататын дара кәсіпкер бақылау-кассалық машинаны есептен шығару туралы салықтық өтінішті табыс етеді.

         Таратылатын заңды тұлға немесе қызметін тоқтататын дара кәсіпкер салық органына таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей, таратудың салық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлейді.
         Таратылатын заңды тұлғада немесе қызметін тоқтататын дара кәсіпкерде салық берешегі болмаған кезде:

      1) салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің қате төленген сомалары осы салық төлеушіге Салық Кодексінің 601-бабында белгіленген тәртіппен қайтарылуға жатады;
      2) салықтардың, төлемақының, алым мен өсімпұлдардың артық төленген сомалары осы салық төлеушіге Салық Кодексінің 602-бабында белгіленген тәртіппен қайтарылуға жатады;
      3) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің төленген сомалары осы салық төлеушіге Салық Кодексінің 606-бабында белгіленген тәртіппен қайтарылуға жатады;
      4) айыппұлдардың төленген сомалары осы салық төлеушіге Салық Кодексінің 605-бабында белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен қайтарылуға жатады;
     5) кеден органдары алатын кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдар мен өсімпұлдардың бюджетке артық (қате) төленген сомалары осы салық төлеушіге Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген тәртіппен қайтарылуға жатады.
        Салық органы көрсетілген құжаттарды алған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей, камералдық бақылауды жүзеге асыруға міндетті. Салық органдары камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, таратылатын заңды тұлғаға немесе қызметін тоқтататын дара кәсіпкерге бұзушылықтарды жою туралы хабарлама тапсырылады.

Салық төлеуші салық берешегін, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті төлеуді (аударуды) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама орындалған күннен бастап күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей жүргізеді.         

Хабарлама орындалмаған және (немесе) салық органдары таратылатын заңды тұлғаға немесе қызметін тоқтататын дара кәсіпкерге қатысты салық төлеуші табыс еткен түсіндірмелермен келіспеген жағдайларда, салық органы мұндай салық төлеушіге қатысты анықталған, құжаттық салықтық тексеруді тағайындау үшін негіз болған фактілер мен мән-жайлар бойынша аталған тексеруді жүргізеді.
         Салық органының  талаптары орындалған және салық берешегi, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешек болмаған жағдайларда, сондай-ақ салық органы жүргізген камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жойған кезде таратылатын заңды тұлға орналасқан жеріндегі салық органына бір мезгілде:
       1.  тарату балансын;

  1. банктегі бар шоттарының жабылғаны туралы банктiң және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымның анықтамасын табыс етеді.

           Салық органы заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi, қайта тiркеудi, заңды тұлғалар қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеуді, құрылымдық бөлiмшелердi есептiк тiркеудi, қайта тiркеудi, есептiк тiркеуден шығаруды жүзеге асыратын мемлекеттiк органға таратылатын заңды тұлға бойынша салық берешегi, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешек жоқ (бар) екендiгi туралы мәлiметтерді жiбередi.
          Қызметін тоқтатқан дара кәсіпкердің салық міндеттемесі салық берешегi, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешек болмаған немесе өтелген, камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар толық көлемде жойылған жағдайда камералдық бақылау жүзеге асырылғаннан кейін орындалды деп есептеледі. Салық міндеттемесі орындалған күн дара кәсіпкерді салық органындағы тіркеу есебінен шығару күні болып табылады. Дара кәсіпкерді тіркеу есебінен шығару туралы ақпарат уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.     

Аталған бап заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің қызметін тоқтату үрдісін жеделдету мақсатында енгізілген. Алайда, салық төлеушілер жабылудың әдеттегі тәртібін пайдаланып, Салық кодексінің 37 және 41 баптарына сәйкес, салық органдары тарапынан жүргізілетін құжаттық тексеру негізінде жабылуларына болады. Сонымен қатар, аудиторлық ұйымдар тарапынан салық аудитін жүргізу, салық органдары тарапынан бақылау жүргізілмейтінін білдірмейді. Сапасыз жүргізілген аудит үшін аудиторлық ұйымды салық органдары сот жауапкершілігіне тартуға құқылы.