
2024 жылғы 09 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілердің, консалтингтік компаниялардың, блогерлердің қатысуымен "Жалпыға бірдей декларациялаудың 3-кезеңі", "Мобильді аударымдар" тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Өндірістік емес төлемдер басқармасының бас маманы Гүлгүл Құсайынова 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлердің басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), сондай-ақ олардың жұбайлары (жұбайлары) үшін жалпыға бірдей декларациялаудың 3 кезеңінің басталуы туралы айтып берді.
Ол 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілген өзгерістерді ескере отырып, 250.00, 270.00 нысанындағы салықтық есептілікті толтыру тәртібі туралы толығырақ баяндап берді. 250.00 нысанындағы активтер мен міндеттемелер туралы декларация кірген кезде бір рет тапсырылатынын, бұдан әрі 2025 жылдан бастап салық төлеушілер жыл сайын 270.00 нысанындағы кірістер мен мүлік туралы декларацияны табыс етуі тиіс екенін қосты. Жеке тұлғалардың декларацияны ұсынбағаны немесе толық емес, анық емес мәліметтерді ұсынғаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделгендігін атап өтті.
Түсіндіру жұмыстары және Байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимова мобильді аударымдарға жеке тоқталды. Өз сөзінде мобильді аударымдар туралы не білу керектігін және мобильді аударымдарды тексеру не үшін қажет екенін айтты. Тексеру критерийлеріне үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп түрлі тұлғалардан мобильді аударымдар алған тұлғалар ғана жатады. Сондай-ақ қолма-қол ақшасыз төлемді қабылдаудан бас тартқандығы үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгендігін және осы жағдай орын алғанда, сатып алушылар қайда жүгіну керектігі туралы айтып берді. Сонымен бірге 01.01.2024 жылдан бастап БЖТ қызметі тоқтайтындығын хабарлады және мобильді қосымшаны пайдалана отырып, арнаулы салық режимін қолданудың артықшылығын атап өтті.
Спикерлермен барлық сұрақтарға жауаптар берілді. Бұдан әрі оқыту апта сайын өткізілетін болады.