Өткен жылдың 13 қарашасы күні Елбасы «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңға қол қойды (ары қарай – Заң.)
Тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілген бұл Заң мүлікті жария етуді жүзеге асырудың жаңа процедуралық ерекшеліктерін айқындап берді.
Яғни, мүлкін жария етуші субьектілерге бұрынғы заңдармен салыстырғанда, көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Осыған орай тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатыр.
Жалпы, мүлікті жариялау жөнінде әңгіме қозғаған кезде, «Қандай жеке құндылықтар жариялау арқылы заңдастыруға жатады?» деген заңды сұрақ туатыны сөзсіз. Аталмыш сұрақтың жауабы осы Заңның 3 бабында нақты айқындалған. Атап айтсақ, ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлесі, басқа біреудің атына рәсімделген жылжымайтын мүлік, еліміздің аумағындағы, шетелдегі жылжымайтын мүліктер мен қаржылар жариялау арқылы заңдастыруға жатады.
Осы орайда, пайдалану құқығы сотпен қаралып жатқан мүліктер, несиеге алынған қаражат, мемлекет пайдасына берілуге тиісті мүлік, бюджет қаражатына салынған обьектілер, жемқорлықпен байланысты қылмыстық жолмен келген мүлік, т.б. заңдастыруға жатпайтынын еске сала кеткен орынды.
Сонымен қатар, мүліктерді заңдастыру акциясы 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін жүргізілгенімен, мүмкіндікті тиімді пайдаланудың жарты жылдан ғана аса мерзімі қалғанын ұмытпаған жөн.
«Мүлікті жариялау – соңғы мүмкіндік, бұдан кейін ешқандай жеңілдік болмайды» - деген Елбасымыз.
Бұған қоса, 2017 жылдан бастап, жалпыға ортақ декларациялау процессі басталады. Мүлікті уақытында жарияламаған субъектілерге сол кезде заң алдында жауап беруге тура келеді. Сондықтан да мүлікті жариялауға байланысты барлық мүмкіндіктерді қарастырып отырған Заң алдында жалтақтық танытпай, ертеңгі күннің қамын бүгіннен ойлау керек. Турасын айтқанда, заң алдында жауап бергеннен гөрі, заң жолымен жүрген адамның әрдайым мерейі үстем болатынын ұмытпаған абзал.
Аягөз ауданы бойынша мемлекеттік
кірістер басқармасы