Жарияланған күні: 18.10.2024 16:57
Өзгертілген күні: 18.10.2024 16:58

«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 47-тарауына сәйкес кедендік тексеру кедендік бақылауды жүргізу нысандарының бірі болып табылады.

Көшпелі кедендік тексеруді жүргізу тәртібі Кодекстің 418-бабымен айқындалған.

Көшпелі кедендік тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:

1) жоспардан тыс көшпелі кедендік тексеру;

2) жоспардан тыс қарсы көшпелі кедендік тексеру;

3) кешенді көшпелі кедендік тексеру.

Көшпелі кедендік тексеру нұсқаманың негізінде жүргізіледі (Кодекстің 418-бабының 3-тармағы).

Жоспардан тыс көшпелі кедендік тексерулер осындай тексерулерді жүргізу кезеңділігі шектелмей жүргізіледі.

Жоспардан тыс көшпелі кедендік тексерулерді тағайындаудың негізі Кодекстің 418-бабының 10-тармағында тізімделген

Тексерілетін тұлға ұсынған мәліметтердің анықтығын растау қажет болған кезде кеден органы көшпелі кедендік тексеруді жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған және (немесе) тіркелген және тауарлармен мәмілелер (операциялар) бойынша тексерілетін тұлғамен байланысты тұлғаларда кеден органы жоспардан тыс қарсы көшпелі кедендік тексеру жүргізуі мүмкін.

Тексерілетін тұлғаға кедендік тексеру жүргізу туралы нұсқаманың көшірмесін табыс еткен күн көшпелі кедендік тексеру жүргізу басталған күн болып есептеледі.

Кодекстің 418-бабының 11-1-тармағына сәйкес кешенді көшпелі кедендік тексеру тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде жүргізіледі.

Кеден органдары кешенді көшпелі кедендік тексеруді жүргізу басталардан кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын тексерілетін тұлғаға нысанын уәкілетті орган белгілеген кешенді көшпелі кедендік тексеру жүргізу туралы хабархатты жібереді немесе табыс етеді.

Көшпелі кедендік тексеруді жүргізу мерзімі екі айдан аспауға тиіс. Көрсетілген мерзімге тексерілетін тұлғаға құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну туралы талапты табыс еткен күн мен мұндай құжаттарды және (немесе) мәліметтерді алған күн арасындағы уақыт кезеңі қосылмайды.

Көшпелі кедендік тексеруді жүргізу мерзімі мұндай тексеруді жүргізетін кеден органының шешімі бойынша бір айға ұзартылуы мүмкін.

Көшпелі кедендік тексеру нәтижелері көшпелі кедендік тексеру актісімен ресімделеді.

Жүргізілуі кезінде Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және (немесе) өзге де заңнамасын бұзушылық анықталған көшпелі кедендік тексеру нәтижелері бойынша тексеру нәтижелері туралы хабарлама шығарылады.

Тексеру нәтижелері туралы хабарлама тексерілетін тұлғаға табыс етіледі.

Көшпелі кедендік тексеру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген дара кәсіпкерлерді қоспағанда, жеке тұлғаларға қатысты жүргізілмейді.