
Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде кедендік төлемдер мен салықтар төленуге жататындығы белгілі.
Оларға не жатады?
1) кедендік әкелу бажы;
2) кедендік әкету бажы;
3) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде алынатын қосылған құн салығы;
4) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелу кезінде алынатын акциз (акциздер) ;
5) кедендік алымдар.
Кедендік алымдарды төлеу түрлерін, мерзімдері мен тәртібін егжей-тегжейлі қарастырайық.
1. тауарларды кедендік декларациялау үшін кедендік алым – тауарлар декларациясы үшін 20 000 теңгені құрайды.
Бұл алымды төлеуші кедендік декларациялауды бергенге дейін немесе сонымен бір мезгілде төлейді.
Егер тұлғамен тауарларды пайдалану және оларға билік ету жөніндегі шектеулер бұзылса, онда шектеулерді бұзған күн төлеу күні болып есептеледі. Егер шектеулер бұзылған күнді анықтау мүмкін болмаса, кедендік декларация тіркелген күн кедендік декларациялау үшін кедендік алымды төлеу мерзімі болып есептеледі.
Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезіде тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу күні төлеу күні болып есептеледі.
Егер тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу күнін анықтау мүмкін болмаса, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу фактісі анықталған күн кедендік декларациялау үшін кедендік алымды төлеу мерзімі болып есептеледі. Кедендік декларациялауға кедендік алымдарды есептеу үшін, кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күні қолданыста болатын мөлшерлемелер қолданылады.
2. кедендік алып жүру үшін кедендік алым:
50 км дейінгі қашықтыққа 4000 теңге,
50-ден 100 км дейінгі қашықтыққа 6000 теңге,
100-ден 200 км дейінгі қашықтыққа 9000 теңге,
200-ден 400 км дейінгі қашықтыққа 45000 теңге,
400-ден 600 км дейінгі қашықтыққа 76000 теңге,
600-ден 800 км дейінгі қашықтыққа 116000 теңге,
800-ден 1000 км дейінгі қашықтыққа 121000 теңге,
1000-нан 1500 км дейінгі қашықтыққа 199000 теңге,
1500-ден 2000 км дейінгі қашықтыққа 273000 теңге,
2000-нан 2500 км дейінгі қашықтыққа 321000 теңге.
Бірнеше автомобильдік көлік құралымен өткізілетін тауарларды кедендік алып жүру кезінде кедендік алым сомасы көрсетілген көлік құралдарының санына пропорционалды түрде бөлінеді. Төлеуші кедендік алып жүру үшін кедендік алымды кеден органы кедендік алып жүру туралы шешім қабылдағаннан кейін, бірақ кеден органы осындай шешім қабылдаған күнді қоса алғанда, кедендік алып жүруді ұйымдастыру басталған күннен кешіктірмей төлейді.
3. алдын ала шешім қабылдау үшін кедендік алым – 32 000 теңгені құрайды.
Аталған алымды төлеуші кедендік алымды кеден органына алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш берілген күнді қоса алғанда, осындай өтініш берілген күннен кешіктірмей төлейді. Кедендік алымдарды белгіленген мерзімде уақтылы немесе толық төлемеген жағдайда кедендік баждар, салықтар бойынша өсімпұлдарды төлеу үшін белгіленген тәртіппен өсімпұлдар төленетіндігін атап өту қажет.
ШҚО бойынша МКД Түсіндіру жұмыс басқармасы