Жарияланған күні: 10.10.2025 13:46
Өзгертілген күні: 10.10.2025 13:47

Кедендік баждар мен салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету — бұл декларант немесе өзге тұлға тарапынан төлем жасалмаған жағдайда да, мемлекетке тиесілі сомалардың түсуіне сенімді болуға мүмкіндік беретін кеден органына кепілдіктер (мүліктік немесе өзге де) беру.

Қазақстан Республикасында кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттерді орындау ҚР қолданыстағы кеден заңнамасында көзделген белгілі бір жағдайларда қамтамасыз етіледі ("ҚР Кедендік реттеу туралы" ҚР Кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) 91,194,195,196,223,257,170,387,397-баптары). Жиі қолданылатын жағдайларға мыналар жатады:

- Кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру аяқталғанға дейін тауарларды шығару ерекшеліктері (Кодекстің 195-бабы);

- Кедендік сараптама тағайындау кезінде тауарларды шығару ерекшеліктері (Кодекстің 196-бабы);

- Тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастыру шарттары (Кодекстің 223 және 226-бабы);

- Тауарларды Кодекстің 170-бабына сәйкес тауарға қатысты өкілеттігі бар адамның өтініші бойынша орындарға уақытша сақтауға орналастыру.

Кедендік баждар мен салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдеріне: ақша, банк кепілдігі, кепілгерлік, мүлік кепілі, сақтандыру шарты (Кодекстің 97-102-баптары) жатады.

Ең қарапайым және кең таралған әдіс-бұл ақша, онда кедендік төлемдер мен салықтардың сомасы кеден органының ақшаны уақытша орналастыру шотына енгізіледі. Банктік кепілдікті пайдаланған кезде кедендік төлемдер мен салықтарды төлегені үшін банктің кепілгерлігі талап етіледі. Кепілгерлікті пайдаланған кезде үшінші тұлғаның (банктің емес) кепілдігі қажет. Мүлік кепілін пайдалану міндеттеме орындалғанға дейін мүлікті кеден органына кепілге беруді көздейді. Сақтандыру шартын пайдалану кезінде кеден органы сақтандыру қызметі құқығына лицензиясы бар сақтандыру ұйымдарының тізіліміне енгізілген сақтандыру ұйымдары берген шарттарды қабылдайды.

Қамтамасыз ету мөлшері тарифтік преференциялар мен жеңілдіктерді қолданбай ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен тауарларды орналастыру кезінде Қазақстан Республикасында төленуге жататын кедендік баждардың, салықтардың сомалары негізге алына отырып айқындалады.

Кеден органдары өз тарапынан қамтамасыз ету сомасының болуын және жеткіліктілігін бақылауды жүзеге асырады. Қолданыстағы кеден заңнамасында көзделген жағдайларға сәйкес кедендік баждар мен салықтарды төлеу жөніндегі міндеттемелер орындалмаған кезде кеден органы кедендік баждар мен салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етудің таңдалған тәсіліне сәйкес кедендік баждар мен салықтарды өндіріп алуды жүргізеді.