
Тауарларды шығарылғаннан кейінгі бақылаудың негізгі нысандарының бірі Камералдық кедендік тексеру болып табылады.
Камералдық кедендік тексеру тауарлар шығарылғаннан кейін тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының сақталуын тексеру мақсатында кеден органымен жүргізіледі.
Камералдық кедендiк тексеру кедендік операцияларды жасау кезінде және (немесе) коммерциялық, көлiктiк (тасымалдау) және өзге де құжаттардағы мәлiметтердi, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының құжаттары мен мәліметтерін, сондай-ақ кеден органдарында бар және тексерілетін тұлғаға қатысты басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу және талдау арқылы, оның ішінде тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану нәтижелері бойынша жүргізіледі.
Кеден органының басшысы немесе кеден органы басшысының орынбасары қол қойған хабарламаны жіберген күн камералдық кедендік тексеруді жүргізу басталған күн болып саналады.
Камералдық кедендік тексеруді жүргізу мерзімі тексерілетін тұлғаға Хабарлама жіберілген күннен бастап күнтізбелік алпыс күннен аспауға тиіс.
Камералдық кедендік тексерулер оларды жүргізу кезеңділігі шектелмей жүзеге асырылады.
Камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша камералдық кедендік тексеруді аяқтау нысаны болып табылатын камералдық кедендік тексеру актісі жасалады.
Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда, тексеру нәтижелері туралы хабарлама шығарылады.Кеден органдары камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша кедендік декларациядағы бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, тексерілетін тұлғаға оларды өз бетінше жою құқығы беріледі.
Тексеру нәтижелері туралы хабарламаны орындау мерзімі тексерілетін тұлғаға мұндай хабарлама тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімді құрайды. Хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда тексерілетін тұлға 2017 жылғы 26 желтоқсандағы №123-VI ҚР кедендік реттеу туралы Кодекстің 55-тарауында белгіленген тәртіппен мұндай хабарламаға шағым жасай алады.
Камералдық кедендік тексеру актісінің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
Екі данада ресімделетін және кедендік тексеруді жүргізген лауазымды адамдар қол қоятын камералдық кедендік тексеру актісі жасалған күн камералдық кедендік тексеру аяқталған күн болып есептеледі.
Камералдық кедендік тексеру актісі жасалғанға дейін кеден органы тексерілетін тұлғаға камералдық кедендік тексерудің алдын ала актісін жібереді немесе табыс етеді.Камералдық кедендік тексерудің алдын ала актісі деп кеден органы жасаған камералдық кедендік тексерудің алдын ала нәтижелері туралы құжат түсініледі.Бұл ретте тексерілетін тұлға камералдық кедендік тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық ұсынуға құқылы.
Тексеру нәтижелері туралы хабарлама тексерілетін тұлғаға камералдық кедендік тексеру актісімен бір мезгілде жіберіледі немесе табыс етіледі.
Осы құжаттарды тексерілетін тұлғаның тіркеу деректерінде көрсетілген тұрған жері бойынша тексерілетін тұлғаның болмауы себебінен пошта операторы немесе байланыс операторы қайтарған жағдайда, кеден органы осындай құжаттар қайтарылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осындай тұлғаның тұрған жері бойынша зерттеп-қарауды екі куәгерді тарта отырып, жүргізеді. Зерттеп-қарау нәтижесінде тіркеу деректерінде көрсетілген тұрған жері бойынша тексерілетін тұлғаның іс жүзінде болмауы анықталған жағдайда, зерттеп-қарау актісін жасаған күн осы бапта көрсетілген құжаттарды табыс еткен күн болып табылады.




























