
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Премьер-Министрі орынбасары - Қаржы министрінің 2022 жылғы 15 желтоқсандағы №1290 бұйрығы қолданысқа енгізілді, оған ірі салық төлеушілердің мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесі (бұдан әрі - тізбе) бекітілген.
Жалпы республика бойынша бекітілген тізбеге 354 салық төлеуші енгізілді, оның ішінде 8-і Шығыс Қазақстан облысында орналасқан жері бойынша тіркеу есебінде тұр.
Салық төлеушілер "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (бұдан әрі-СК) 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 130-бабының 1-тармағына сәйкес ірі салық төлеушілердің мониторингіне жататын жағдайларды қоспағанда, тізбе қолданысқа енгізілген күннен бастап 2 жыл ішінде қолданылады, оның қолданылу кезеңі ішінде қайта қарауға жатпайды.
СК-нің 130-бабының 1-тармағына сәйкес ірі салық төлеушілер мониторингіне, егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік кәсіпорындарды қоспағанда, коммерциялық ұйымдар болып табылатын, осы Кодекстің 241-бабында көзделген түзету есепке алынбағанда жылдық жиынтық кірісі неғұрлым көп, бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін:
1) тіркелген активтерінің құндық балансының сомасы салықтық кезеңнің соңына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесі бекітілуге жататын жылдың соңында қолданыста болатын, кемінде 325 000 еселенген айлық есептік көрсеткішті құрайтын;
2) жұмыскерлерінің саны кемінде 250 адамды құрайтын салық төлеушілер жатады.
Ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесі, көрсетілген тізбе қолданысқа енгізілетін жылдың алдындағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша ұсынылған салықтық есептілік деректерінің негізінде қалыптастырылады және оны уәкілетті орган көрсетілген тізбе қолданысқа енгізілетін жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірмей бекітеді.
Ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеуші таратылған жағдайда, сондай-ақ соттың оны банкрот деп тану туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап осы салық төлеуші ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесінен шығарып тасталған деп танылады.
Ірі салық төлеушілер мониторингін жүргізу барысында уәкілетті орган ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілерден салықтарды есептеудің дұрыстығын және салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеудiң (ұстап қалудың және аударудың) уақтылы болуын растайтын құжаттарды және жазбаша түсіндірулерді, сондай-ақ, еншiлес ұйымдарының қаржылық есептiлiгiн қоса алғанда, салық төлеушiнің (салық агентінің) қаржылық есептiлiгін ұсынуды талап етуге құқылы.
Бұл ретте осы талапты ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушiлер талап ету табыс етілген күннен кейінгi күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн ішінде орындауға тиіс.
Ірі салық төлеушілер мониторингінің нәтижелерi бойынша бұзушылықтар мен алшақтықтар анықталған жағдайда, уәкiлеттi орган бұлар жөнінде ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушiге хабар береді.
Бұл ретте ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушi осындай хабарлама табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап күнтiзбелiк он бес күн ішінде жазбаша түсiнікті ұсынуға мiндеттi.
Уәкілетті орган ұсынылған түсiнікпен келіспеген жағдайда, ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын осындай салық төлеушiні қосымша құжаттар мен түсiніктерді ұсына отырып, туындаған мәселелерді талқылау үшiн шақыруға құқылы.
Уәкiлеттi орган мониторинг нәтижелерiн қарау қорытындылары бойынша жазбаша түрде уәжді шешім шығарады, ол шығарылған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушiге жіберіледі.
Ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушi шешіммен келiсу туралы хабарламаны алған күнінен бастап күнтiзбелiк бес күн ішінде ұсынады.