Жарияланған күні: 29.10.2024 15:55
Өзгертілген күні: 29.10.2024 15:57

"Оңалту және банкроттық туралы" ҚР Заңына сәйкес борышкер уақытша төлем қабілетсіздігі туындаған кезде, сот оңалту немесе банкроттық туралы қозғаған істер болмаған жағдайда, өзінің берешегін қайта құрылымдау туралы шешім қабылдауға құқылы. Борышкер уақытша төлем қабілетсіздігі туралы куәландыратын құжаттарды қоса бере отырып, берешекті қайта құрылымдау туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.

Берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы сот шешімі шығарылған күннен бастап борышкерге мүлікті иеліктен шығару бойынша қандай да бір мәмілелер жасауға тыйым салынады.

Процедураны қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде борышкер барлық кредиторлармен берешекті қайта құрылымдау туралы келісім жасасуға міндетті.

Берешекті қайта құрылымдау туралы келісімде келісімнің шарттары, борышкердің кредитор (кредиторлар) алдындағы міндеттемелерін орындау тәртібі, тәсілдері мен мерзімдері туралы ережелер қамтылуға тиіс.

Берешекті қайта құрылымдау туралы Келісім үш жылдан аспайтын мерзімге жасалады. Барлық кредиторлармен берешекті қайта құрылымдау туралы келісім жасалғаннан кейін борышкер берешекті қайта құрылымдау келісімін бекіту туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.

Берешекті қайта құрылымдау туралы келісім бекітілген кезде, сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап:

  • Борышкер берешегінің барлық түрлері бойынша тұрақсыздық айыбын (өсімпұл, айыппұл) есептеу тоқтатылады;
  • Мемлекеттік органдардың борышкердің шоттары бойынша барлық шектеулері алынып тасталады;
  • Борышкер моральдық зиянды өтеу туралы талаптарды ескермей, олардың алдында өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені үшін жауапты болатын, төлеу мерзімі берешекті қайта құрылымдау туралы келісім жасалғаннан кейін туындаған азаматтарға төлемдерді қоспағанда, соттардың бұрын қабылданған шешімдерін, төрелік шешімдерді орындау тоқтатылады;
  • Борышкердің мүлкіне жаңа тыйым салуға және оның мүлкіне билік етуге өзге де шектеулер қоюға мәмілені жарамсыз деп тану және борышкерге қойылған мүлікті басқа біреудің заңсыз иеленуінен талап ету туралы талап-арыздар бойынша ғана жол беріледі.