
Салық заңнамасының 166 бабының 6 тармағына сәйкес бақылау-касса машинасының чегі мынадай ақпаратты:
1) салық төлеушінің атауын;
2) салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірін;
3) бақылау-касса машинасының зауыттық нөмірін;
4) бақылау-касса машинасының салық органындағы тіркеу нөмірін;
5) чектің реттік нөмірін;
6) тауарларды сатып алу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету жасалған күн мен уақытты;
7) тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бір бірлігі үшін бағасын;
8) фискалдық белгіні;
9) деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарының бақылау чегінің төлнұсқалығын тексеру үшін фискалдық деректер операторының атауын және фискалдық деректер операторы интернет-ресурсының деректемелерін;
10) тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің атауын;
11) сатып алынатын тауардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің санын, олардың өлшем бірлігін;
12) тауарды, жұмысты, көрсетілетін қызметті сатудың жалпы сомасын;
13) егер салық төлеуші қосылған құн салығын төлеуші болып табылса – тауарларды, жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді өткізу бойынша, қосылған құн салығы салынатын айналымдар жөніндегі мөлшерлемені көрсете отырып, қосылған құн салығының сомасын;
14) бақылау-касса машинасы пайдаланылатын жердің мекенжайын;
15) бақылау-касса машинасының чегі туралы ақпаратты кодталған түрде қамтитын штрих кодты қамтуға тиіс.
Бұдан басқа, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алушының талабы бойынша деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машинасының чегінде сатып алушының сәйкестендіру нөмірі болуға тиіс.
Салық төлеушілердің БКМ чектерінде жоғарыда көрсетілген барлық деректемелерді, оның ішінде тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің атауы туралы мәліметтерді міндетті түрде көрсетуге назарын аударамыз.
БКМ чектерінде тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің атауларын көрсету әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына, дәрілік заттарға бағалардың сенімді және жедел мониторингін қамтамасыз етуге ықпал етеді.