Жарияланған күні: 09.10.2025 15:58
Өзгертілген күні: 09.10.2025 15:59

Салық заңнамасына сәйкес жеке практикамен айналысатын адамдар санатына (бұдан әрі-ЖПАА) жеке нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор жатады .

Қызметті жүзеге асыру басталғанға дейін жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен хабарлама негізінде мемлекеттік кірістер органдарында ЖПАА ретінде тіркеу есебіне тұруы тиіс.

ЖПАА тіркеу салықтық әкімшілендіру мақсатында жүргізіледі және лицензия негізінде Кәсіптік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаларды қамтиды.

 

ЖПАА тіркеу есебіне қою, тіркеу деректерін өзгерту, сондай-ақ тіркеу есебінен алу Салық кодексінің 79-81-баптарымен реттеледі.

Мұндай тұлғалардың салық салынатын табысы Салық кодексінің 362-365-баптарына сәйкес айқындалады. Сонымен бірге, олардың тізбесі көрсетілген баптарда да белгіленген кәсіби шегерімдерге құқығы бар.

Айдың соңында бір айда алынған табыстарға 10% мөлшерінде жеке табыс салығының (бұдан әрі-ЖТС) ставкасы қолданылады. Осылайша, ЖПАА салық салынатын кірісін анықтау кезінде кәсіби шегерімдерді қоспағанда, түзетулер де, шегерімдер де қолданылмайды (мысалы, еңбек шарттары бойынша жұмыс істейтіндердің кірістері сияқты). Яғни жеке практикадан алынған табыстың барлық сомасына жеке табыс салығы салынады. Нотариустың, медиатордың табыстарына стандартты шегерім де, өзге де шегерімдер де, оның ішінде сыйақылар бойынша шегерім және т.б. қолданылмайды.

Кәсіби шегерімдерді келесі шарттарға сәйкес қолдануға болады:

1) жеке сот орындаушысының, медиатордың, нотариустың, адвокаттың қызметін жүзеге асырудан табыс алуға байланысты жүргізілсе;

2) құжатпен расталған жағдайда;

3) жеке сот орындаушысының, медиатордың, нотариустың, адвокаттың салық тіркелімдерінде көрсетіледі.

Есептелген ЖТС сомасы ай сайын табыс алынған айдан кейінгі айдың 5-і күнінен кешіктірілмей төленеді.

ҚР 15.07.2025 ж. № 208 - VIII Заңымен қолданыстағы Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, оған сәйкес "01.01.2025 ж. бастап ЖТС есептеу, ұстап қалу және төлеу жөніндегі өтпелі ережелер" 781-бабына сәйкес, ЖПАА жеке табыс салығын 2025 жылғы 1 қаңтарынан бастап Заң қолданысқа енгізілген айдың соңғы күніне дейінгі кезең үшін Заң қолданысқа енгізілген айдан кейінгі 5 күннен кешіктірмей төлейді.

Кірістер мен мүлік туралы Декларация (СЕН 270.00) есепті жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегіне дейінгі мерзімде ұсынылады. Ағымдағы жылы ЖПАА қызметін тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда ЖТС (СЕН 240.00) бойынша тарату декларациясын тапсырады.